Армениядағы парламент сайлауында премьер-министр Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы алда келеді. Бірақ дауыс санау әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
САЙЛАУ
7 маусымда Арменияда парламент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бюллетеньдердің 55,95 пайызы саналған, ол бойынша премьер-министр Никол Пашинян басқаратын «Азаматтық келісім» партиясы 50,86 пайыз дауыспен алда келеді.
Ресейлік олигарх Самвел Карапетян басқаратын «Күшті Армения» партиясы 23,19 пайыз дауыс жинаған. Ал 9,6 пайыз алған Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарянның «Армения» партиясы үшінші орында келеді.
Бұдан бөлек, сайлаудың алдын ала қорытындыларына сәйкес, кәсіпкер Гагик Царукян жетекшілік ететін «Гүлденген Армения» партиясы сайлаушылардың 4,1 пайыз дауысын жинаған. Бұрынғы омбудсмен Арман Татоян құрған «Бірлік қанаты» партиясын сайлаушылардың 2,3 пайызы қолдаған.
Армения бойынша халықтың сайлауға қатысу көрсеткіші 58,97 пайызды құрады. Бұл 2018 және 2021 жылдардағы парламенттік сайлаулармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болып отыр.
Армения парламенті 105 депутаттан тұрады. Оның ішінде төрт депутаттық мандат ұлттық азшылықтардың өкілдеріне арналған. Олар — езидтер, орыстар, күрдтер және ассириялықтар қауымдастықтарының өкілдері.
«ҮКІМЕТТІ БІР ӨЗІ ЖАСАҚТАЙДЫ»
Премьер-министр Никол Пашинян «Азаматтық келісім» партиясының жеңіске жеткені туралы Орталық сайлау комиссиясының шешімі шықпай жатып мәлімдеді.
– «Азаматтық келісім» партиясы үкіметті бір өзі жасақтайтын болады», – деді Пашинян.
Премьер-министрдің бұл сөзін өздерін оппозициялық блок санайтын «Армения» және «Бірлік қанаты» партиялары сынға алды. Олар Пашинянның мәлімдемесін «Орталық сайлау комиссиясының жұмысына араласу», «Билікті узурпациялауға жасалған қадам» деп бағалады.
ПАРЛАМЕНТ ҚАЛАЙ ЖАСАҚТАЛАДЫ?
Армениядағы бұл жолғы парламент сайлауына 18 саяси партия қатысқан. Дауыс беру пропорционалдық жүйе бойынша өтті. Елде дауыс беру құқығына ие 2,5 миллион электорат бар. Заң бойынша шетелде сайлау учаскелері ашылмаған. Ал елшіліктерде қызмет істейтін дипломаттар электронды дауыс берді.
Заң бойынша парламентке өту үшін партия мен саяси блокқа қойылған межелер әртүрлі. Партия үшін ол – 4 пайыз. Үш партиядан құралған саяси блоктары үшін бұл көрсеткіш 8 пайыз, ал төрт және одан да көп партия біріктірілген блоктар үшін 10 пайызды құрады.
Армения сайлау кодексі бойынша парламент көпшілігі жасақталуы тиіс. Ол үшін саяси күш немесе коалиция парламенттегі орындардың кемінде 54 пайызын иеленуі қажет.
Егер сайлау қорытындысы бойынша немесе коалиция құру арқылы тұрақты парламенттік көпшілік жасақталмаса, онда екінші тур өткізіледі. Мұндай жағдайда ең көп дауыс жинаған саяси күштер парламенттік көпшілікті қалыптастыру үшін өзара бәсекеге түседі.
ПАШИНЯН МЕН ПУТИННІҢ ТЕКЕТІРЕСІ
Никол Пашинян кейінгі жылдары Армения сыртқы саясатта Еруоодаққа бет бұрғанын мәлімдеген. 2025 жылы наурызда ел парламенті «Арменияның Еуропа Одағына кіру процесін бастау» туралы заң жобасын қабылдады. Биыл мамырда алғаш рет Ереванда «Еуропа саяси қауымдастығы» мен «Еуроодақ-Армения» саммиті өтті.
Оқи отырыңыз: Кавказ бен Орталық Азия: Еревандағы саммит Путиннің геосаяси жеңілісі ме?
Пашинянның Еуроодақпен жақындасуын Мәскеу салқын қабылдады. Ресей президенті Владимир Путин Армениядағы жағдайды Украинамен салыстырып, «дағдарыс басталғандағы оқиғаларды еске салады» деп сес көрсетті. Пашинян Арменияның Ресеймен қарым-қатынасын үзуге ниеті жоғын айтқан. Бірақ Ереванның жүргізіп отырған саясаты дәл қазір бір-біріне қайшы келмейтінін мәлімдеген. Сайлау қарсаңында Ресей Армениядан келетін алкоголь, гүл, балық, ауыл шаруашылығы өнімдеріне шектеу қойып, елге кіргізуден бас тартқан.