Эвиандағы G7 саммиті: кімге қандай бейбітшілік керек?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Жол қиылыстарындағы полиция бекеттері мен аспандағы тікұшақтар болмаса, Францияның аядай ғана курортты қаласы Эвианда әлемдік экономика, энергетика мен қауіпсіздік тағдырына ықпал ететін адамдар жиналды дегенге сене қою қиын. Шипажай қалашығының тар көшелерімен көліктер әдеттегідей жүйткіп, тұрғындар мен туристер емін-еркін серуендеп жүр. Кафе мен дүкендер де жұмыс істеп тұр, ал такси шақырсаңыз, бірнеше минутта жетіп келеді. Күнделікті тіршілігінің ырғағы бұзылмаған дәл осы қалада әлемнің жетекші мемлекеттерінің басшылары бүгінде Украина, Таяу Шығыс және жаһандық экономика тағдырына әсер ететін мәселелердің шешімін іздеп жатыр.

Шипажай қалашығындағы жаһандық саясат

– Саммиттің аты – саммит. Шынымды айтсам, одан үлкен үміт күтіп отырған жоқпын. Меніңше, бұл – кезекті жоспарлы кездесу. Егер қандай да бір серпінді шешімдер қабылданса, олар әлемдік тәртіп немесе соғыс пен бейбітшілік мәселелеріне емес, экология және соған жақын салаларға қатысты болуы мүмкін, – деді кездесудің айналасындағы ахуалды қалыпты құбылыс ретінде қабылдаған литвалық әріптесім.

Дегенмен журналистердің жұмыс кестесінің әр секунды жоспарланған. Ұйымдастырушылар бәрін егжей-тегжейлі реттеп қойған. Әрқайсымыз бір минутты да жоғалтпау керегін білдік, әйтпесе маңызды дүниеден құр қалуымыз мүмкін.Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 450-ге тарта журналист таңғы жетіден бастап халықаралық баспасөз орталығында ондаған кездесу, келіссөз бен бейресми әңгімелер арасынан ең маңыздысын аңдуға тырысты.

G7 елдерінің көшбасшыларымен қатар Қатар, Бразилия, БАӘ, Мысыр, Үндістан және өзге де мемлекеттердің өкілдерінің келуі осы күндері Эвианды әлемдік саясаттың орталығына айналдырды.

Алайда қатты таңғалдырғаны – басқа нәрсе. Мұнда жүйкенің тозуы, ашу-ыза да, қоршауда қамалып қалғандай шарасыз күй де байқалмады. Қала тұрғындарының көңіл-күйіне қарасаң,  осындай ірі оқиғалармен біте қайнасып өмір сүруге еттері үйренгені аңғарылады. Бәрі сабырлы, бейғам. Соған қарамастан, соғыс пен бейбітшілік мәселесінің тезірек шешілгенін қалайтынын ешкім жасырмады.

G7 саммиті қатысушыларының назарында әлемдегі ең ірі екі дағдарыс – Украина мен Таяу Шығыстағы ахуал болды.

Украина мәселесінде «Үлкен жетілік» елдерінің ұстанымы ортақ болды. Көшбасшылар Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге, Киевті қолдауды арттыруға және соғысты тоқтатуға бар күшін салуға ниетті екенін мәлімдеді. Олардың бағалауынша, Украина қазір бұрынғыдан мықтырақ позицияда тұр, сондықтан ықтимал келіссөздерге күшті тарап ретінде қатыса алады.

Бұл тұрғыдағы Еуропаның ұстанымын Франция президенті Эммануэль Макрон нақты жеткізді. Оның айтуынша, дұрыс келіссөз дегеніміз – Украина мен Ресейдің келіссөз үстеліне жайғасуы, ал Еуропа мен АҚШ-тың олардың жанынан табылуы. Еуропа көшбасшылары үшін болашақта қақтығысты бейбіт жолмен шешу мәселесі өздерінің тікелей қатысуымен талқылануы аса маңызды.

Бейбітшілікке бәрі мүдделі ме?

Бүгінде Женевада тұратын украиналық саясаттанушы Николай Волковскийдің айтуынша, 2022 жылдан бергі кезеңде Эвиан саммитін ақжолтай жаңалықтар тұрғысынан ең нәтижелі кездесулердің бірі деуге болады.

– Біз қақтығыстан шығу жолдарын және ықтимал бейбіт келісімді іздеудің алғашқы нақты қадамдарын көрдік. Президент Трамп бұл күн тәртібін белсенді түрде алға тартып келеді. Президент Макрон да өзінің соңғы президенттік мерзімін нақты нәтижелерге қол жеткізуге және мүмкіндігінше бейбітшілікке жақындауға пайдалануға тырысып отыр.

Талқылаулар тым созылып кеткендей көрінбей ме? Кейде ешкім шын мәнінде бейбітшілікке ұмтылмайтындай боп көрінеді. Соғыс көптеген тараптарға тиімді болып кеткен секілді.

– Мұндай пікірдің де жаны бар. Дегенмен өткен жылдан бері АҚШ әкімшілігі бейбіт келіссөздерді ұйымдастыру үшін елеулі күш салып жатқанын көріп отырмыз. Ақпанның соңында Женевадағы InterContinental қонақүйінде соңғы үшжақты келіссөздер өтті. Сондай-ақ АҚШ әкімшілігі Иран төңірегіндегі жағдайды реттеп алып, содан кейін Украина бойынша бейбіт үдерісті жандандыруға назар аударғысы келгенін де білеміз. Меніңше, мұның бәрі жақын арада іс жүзінде көрініс табады.

АҚШ-тың арнайы өкілдері жуық арада Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге баратыны белгілі. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков екі ел басшыларының телефон арқылы сөйлесуінен кейін айтқан болатын. Менің ойымша, қазір бейбітшілікке деген ұмтылыс соғысты жалғастыру ниетінен басым түсіп тұр. Мұны «Үлкен жетілік» елдерінің көшбасшылары да көрсетіп отыр. Сондықтан Путинді Украинадағы соғысты аяқтауға мүдделі ететін жағдай жасау үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет.

 Санкцияларды күшейту басты шарт болуы мүмкін бе?

– Урсула фон дер Ляйен мен Антониу Кошта Ресейге қысым жасаудың негізгі тетіктерінің бірі санкцияларды күшейту екенін айтып жүр. Келесі санкциялық пакет те дәл сондай болуы ықтимал. Меніңше, мұны жақын уақытта көреміз. Қазір қорытынды декларацияға назар аудару маңызды. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, оның жобасында Украинаға қолдау білдіру және Ресейдің басқыншылығын айыптау қарастырылған. Сондықтан санкциялық қысымның әрі қарай күшеюін күтуге болады. Бұдан бөлек, Украинаға қосымша қаржы бөлу мәселесі де көтерілді. Мұны Урсула фон дер Ляйеннің өзі растады.

Сонда тағы да соғысқа қаржы бөліне ме? Дипломатия қайда қалды? Зеленский жаз аяқталғанша Путинмен кездесуі тиіс екенін айтты ғой.

– Жаздың аяқталуына екі жарым айдай уақыт бар, сондықтан мұндай кездесудің өтуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде келіссөз өтетін ықтимал алаңдар талқыланып жатыр. Бұл Түркия болуы мүмкін. Президент Ердоған диалогқа көмектесуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Швейцария да аталып жүр. Тіпті кездесу АҚШ-тағы Анкориджде өтуі мүмкін деген болжам да айтылды. Нұсқа көп. Ең бастысы – Украина президенті қандай жағдайда да келіссөз үшін Мәскеуге бармайтынын нақты айтты.

Қазақстан президенті де Астананы келіссөз алаңы ретінде ұсынғаны белгілі. Меніңше, Қазақстан Украина үшін маңызды стратегиялық серіктес болып қала береді. Ел үкіметі мен президентінің қолдауының маңызы зор. Егер келіссөздерді Астанада өткізу мүмкіндігі туса, бұл нұсқаны қарастыруға әбден болады.

Екіжақты қатынастардың даму барысын да ескеру қажет. Соғыс басталғалы бері Қазақстан мен Украина басшылары бірнеше рет кездесіп, ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін көрсетті. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ және әртүрлі деңгейде талқыланып келеді.

Әр елдің өз ұстанымы бар

Литвалық журналист Дарюс Балчюнастың көкейінде бейбітшіліктің жақындағанына сенімнен гөрі күдік басым.

 Саммит соғыс пен бейбітшілік мәселесін шеше алады деп сенесіз бе?

– Шыны керек, қандай да бір үлкен серпіліске сенбеймін. Байқауымша, ешкімде нақты саяси жігер жоқ. Бейбітшілік бәріне керек, бірақ әр елдің оған қатысты өз ұстанымы мен өз көзқарасы бар. Әзірге бұл мәселеде ортақ мәмілені көріп тұрған жоқпын. АҚШ-та да, Украинада да, Еуроодақта да, Германия, Франция, Литва немесе Латвия сияқты жекелеген елдерде де ортақ түсінік жоқ. Әркімнің өз мүддесі бар, ал шынайы консенсусқа әлі қол жеткізілген жоқ.

Бірақ Ресей мен Украина арасындағы соғыста ең алдымен Зеленский мен Путин ортақ мәмілеге келуі керек емес пе?

– Батыс елдерінің ұстанымы мүдделеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, жалпы алғанда ұқсас. Ал қақтығыстың негізгі қатысушылары – Ресей мен Украинаның көзқарастары бір-біріне мүлде кереғар. Оларды жақындату өте қиын. Менің жеке пікірім – Ресейге қысым әлдеқайда күштірек болуы керек. Сонда ғана жағдайды өзгертуге мүмкіндік туар еді.

Саммитке қатысушылар санкциялардың күшеюінен үлкен үміт күтіп отыр. Сіз де осы пікірмен келісесіз бе?

– Әңгіме тек санкция туралы ғана болмауы керек. Әрине, сырттан қарап отырып пікір айту оңай. Бірақ мен Ресейге қысымның анағұрлым күшті болғанын қалар едім. Қазірдің өзінде Мәскеудің жағдайы мәз емес екенін көріп отырмыз. Егер қысым күшейсе, ел келісімге келуге бейімірек болар еді және бейбітшілік жақындай түсуі мүмкін.

Мысалы, Иранға қатысты Трамп айтып отырған бейбіт келісім секілді ме?

– Қандай да бір бейбіт келісім жасалғанда бәрі қуанады. Мен де қуанамын. Бірақ оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Қағаз жүзінде бәрі әдемі көрінеді. Әсіресе президент Трамптың бастамалары. Ал нәтиже көбіне басқаша болып шығады. Оның қандай боларын алдын ала ешкім айта алмайды.

Ал Иран ше?

Саммит барысында Иранға қатысты да маңызды мәлімдемелер жасалды.

Дональд Трамп жұма күні Женевада Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленісті толықтай тоқтататын бейбіт келісімге қол қойылуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұғаз қазірдің өзінде кеме қатынасы үшін ішінара ашылған, ал жақын күндері толыққанды жұмыс режиміне көшуі тиіс.

Әлемдік экономика үшін бұл расымен маңызды жаңалық. Себебі Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай тасымалының едәуір бөлігі өтеді. Бұғаздың ашылуы энергетикалық нарықтардағы тәуекелдерді азайтып, Вашингтонға басқа халықаралық дағдарыстарға қайта назар аударуға мүмкіндік береді.

Саясаттанушы Николай Волковский келіссөздерде даулы тұстар әлі де көп екенін айтқанымен, бейбіт келісімге қол қойылады деген үміттің бар екенін жеткізді.

– Мұнда ең бастысы – тараптардың ниеті. Келіссөзге қатысушылардың мәлімдемелерін көріп отырмыз. Пәкістан өз дайындығын білдірді. АҚШ пен Иранның да келісімге келуге ұмтылысы байқалады. Сондықтан мұндай мүмкіндік бар деп есептейміз. Жақында Қытай сыртқы істер министрі мен Пәкістан сыртқы істер министрінің телефон арқылы сөйлескені туралы ақпарат тарады. Қытай да бейбіт келісімді жүзеге асыруды жеделдету үшін келіссөз үдерісіне қатысуға дайын екенін білдірді.

Бізге қысқа мерзімді мүмкіндіктер емес, берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік қажет. АҚШ өз алдына қойған негізгі мақсат – Иранды ядролық қарудан арылту міндетіне қол жеткізді деп айтуға болады. Сондықтан алдағы уақытта да нақты қадамдар жасалады деп ойлаймын.

Соның ішінде Ормуз бұғазын минадан тазарту мәселесі де бар. Бұл кемелердің еркін қатынауына мүмкіндік береді. Мұнай бағасына қатысты әлемдік нарықтардың реакциясын көріп отырмыз. Бейбіт келісімге дәл осы Женевада қол қойылатын сияқты.

Ең бастысы – құжатқа қол қоюға дайындық бар. Ал бейбітшілікті нығайтудың келесі қадамдары келіссөзге қатысушы тараптар мен оған дәнекер болып отырған елдерге байланысты болмақ.

Не күтеміз?

Эвиан саммитінің басты қорытындысы – бүгінде бейбітшілік әлемдегі негізгі ойыншылардың ортақ мүддесіне айналып келеді.

Еуропа соғыстан шаршады. АҚШ жаһандық шиеленістің азайғанын қалайды. Бизнес тұрақтылыққа мүдделі. Бейбітшілік Украинаға да, Ресейге де, әлемдік экономикаға да қажет.

Сондықтан Эммануэль Макронның келіссөз тақырыбын белсенді көтеріп жүргені кездейсоқ емес. Франция президенті үшін Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізу оның саяси мұрасының ең маңызды бөлігіне және биліктегі кезеңінің басты нәтижелерінің біріне айналуы мүмкін.

Алайда негізгі сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бейбітшілікті бәрі қалайды. Бірақ әркімнің ол туралы түсінігі бөлек. Біреулер қара күшпен орнайтын бейбітшілікті жақтайды, енді біреу ымыраға негізделген жолды құптайды. Сондықтан бүгін «бейбітшілік керек пе?» деген сауалды ешкім көлденең тартпайды. Ендігі әңгіме оның қандай шарттармен орнайтыны жайлы болып отыр.