Цифрлық теңге ел экономикасына қандай өзгеріс әкелуі мүмкін - сарапшы пікірі

Ulysmedia
Ulysmedia

Қазақстан цифрлық теңгені сынақ кезеңінен нақты қолдану кезеңіне көшіріп жатыр. Ұлттық валютаның жаңа нысаны әзірге мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік есеп айырысуларда қолданылса, болашақта ол азаматтардың күнделікті төлемдерінің бір бөлігіне айналуы мүмкін. Цифрлық теңгенің ерекшелігі неде, ол не үшін қажет және экономикаға қандай әсер етуі ықтимал? Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова жаңа технологияның мүмкіндіктерін талдады.

ЖАҢА НЫСАН

Цифрлық теңге – Қазақстан ұлттық валютасының үшінші нысаны. Ол қолма-қол ақша мен банктік шоттардағы қолма-қолсыз қаражаттан бөлек, Ұлттық банктің арнайы электрондық әмиянда сақталатын цифрлық міндеттемесі ретінде қарастырылады.

Сарапшының айтуынша, цифрлық теңгені енгізу ақша табиғатын өзгертпейді, тек оны пайдалану тәсілін кеңейтеді.

– Цифрлық теңге – бұл қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен қатар ұлттық валютаның үшінші нысаны. Егер қолма-қол ақша банкноттар мен монеталар түрінде болса, ал қолма-қолсыз ақша банктік шоттардағы қаражат түрінде сақталса, цифрлық теңге арнайы электрондық әмиянда сақталатын Ұлттық банктің цифрлық міндеттемесі болып есептеледі. Іс жүзінде валютаның өзі емес, оның өмір сүру нысаны өзгереді. Бір цифрлық теңге әрқашан бір қолма-қол немесе қолма-қолсыз теңгеге тең. Сондықтан азаматтар үшін бұл жаңа ақша бірлігі емес, ұлттық валютаны сақтаудың және пайдаланудың қосымша тәсілі, – дейді Саида Тілеуленова.

НЕГІЗГІ АРТЫҚШЫЛЫҚ

Қаржыгердің пікірінше, цифрлық теңгенің басты мүмкіндіктерінің бірі – төлем жүйелерін жетілдіру және қаржы операцияларын тиімді ету.

Ұзақ мерзімді перспективада жаңа технология есеп айырысуды жеделдетуге, төлемдердің құнын төмендетуге, ақша қозғалысының ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы қысқартуға ықпал етуі мүмкін.

Алайда сарапшы ең үлкен әсер мемлекеттік секторда байқалуы ықтимал екенін атап өтті. Себебі цифрлық теңге арқылы қаражатты белгілі бір мақсатқа ғана пайдалануға мүмкіндік беретін бағдарламаланатын ақша технологиясын қолдануға болады.

– Қаражатты тек алдын ала белгіленген мақсатқа ғана пайдаланатындай етіп бағдарламалауға болады. Мысалы, мектеп, жол немесе басқа да инфрақұрылымдық нысан салуға бөлінген ақшаны техникалық тұрғыдан басқа мақсаттарға жұмсау мүмкін болмайды, – дейді ол.

БЮДЖЕТ БАҚЫЛАУЫ

Цифрлық теңгенің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қаражаттың қозғалысын бақылауды күшейту.

Сарапшының айтуынша, бұл механизм бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

– Мемлекет бюджет қаражатының қозғалысын іс жүзінде нақты уақыт режимінде бақылап, оның қалай пайдаланылып жатқанын қадағалай алады. Сондықтан цифрлық теңгені алғаш қолдану салалары мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік шығыстар болды, – деп түсіндіреді сарапшы.

Осы себепті Қазақстан цифрлық теңгені ең алдымен мемлекеттік сатып алулар мен жекелеген бюджеттік есеп айырысуларда сынақтан өткізіп жатыр.

ИНВЕСТИЦИЯ ФАКТОРЫ

Цифрлық теңге тек мемлекеттік қаржы саласына ғана емес, елдің инвестициялық ахуалына да әсер етуі мүмкін.

Саида Тілеуленованың пікірінше, қаржы ағындарының ашықтығы мен есеп айырысудың жылдамдығы инвесторлардың сенімін арттыратын факторлардың біріне айналуы ықтимал.

– Егер цифрлық теңге мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттырып, есеп айырысуларды жеделдетсе, бұл инвесторлардың сенімін күшейтетін қосымша факторға айналады, – дейді Саида Тілеуленова.

АЗАМАТТАР ҮШІН

Цифрлық теңгенің болашақтағы басты бағыттарының бірі – оны күнделікті төлемдерде пайдалану мүмкіндігі.

Сарапшының айтуынша, технологияның ерекшеліктерінің бірі – интернет байланысы болмаған жағдайда да төлем жасау мүмкіндігі.

– Болашақта азаматтар интернет уақытша болмаған жағдайда да тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Мысалы, шалғай елді мекендерде немесе байланыс үзілген кезде. Бұл – орталық банктің цифрлық валютасының дәстүрлі қолма-қолсыз төлемдерден негізгі айырмашылықтарының бірі, – деп түсіндіреді сарапшы.

Сонымен бірге цифрлық теңге бірден қолданыстағы төлем құралдарын алмастырмайды. Ол банк карталары, мобильді қосымшалар және қолма-қол ақшамен қатар жұмыс істейтін қосымша құрал болады.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Қазақстанның цифрлық теңге жобасы әлемдегі орталық банктердің цифрлық валюталарын енгізу үрдісімен қатар дамып келеді.

Бүгінде CBDC жобалары әлемнің жүзден астам елінде зерттеліп немесе жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттердің басым бөлігі жаңа технологияны алдымен пилоттық форматта сынап, кейін қолдану аясын кеңейтуде.

Ең танымал мысалдардың қатарында Қытайдың цифрлық юані (e-CNY), Багам аралдарының Sand Dollar және Нигерияның eNaira жобалары бар. Сонымен қатар Еуропалық орталық банк, Ұлыбритания, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур сияқты елдер де цифрлық валюталар бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

ҚАЗАҚСТАН ЖОБАСЫ

Сарапшы Қазақстанның цифрлық теңге жобасы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін атап өтті.

– Халықаралық есеп айырысулар банкі мен Халықаралық валюта қорының бағалауынша, цифрлық теңге жобасы дамушы елдер арасындағы технологиялық тұрғыдан ең жақсы әзірленген пилоттық бастамалардың бірі саналады. Оның басты артықшылықтарының қатарында офлайн төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігі мен бағдарламаланатын ақша технологиясын қолдану бар, – дейді сарапшы.

Саида Тілеуленованың пікірінше, цифрлық теңгенің тиімділігі оны енгізу фактісімен емес, экономикаға әкелетін нақты нәтижесімен өлшенеді.

Егер жаңа технология мемлекеттік шығындардың ашықтығын арттырып, төлемдерді жылдамдатып, бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырса, онда цифрлық теңге Қазақстанның қаржы жүйесіндегі маңызды құралдардың біріне айналуы мүмкін.