Шымкентте 65 жастағы ер адамды өз үйінің маңында ұрып өлтірді. Оқиғаның бәрі оның бес жасар немересінің көз алдында болған. Күдікті кейін көрші үйдің шатырынан табылды. Оқиғаның мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісі анықтады.
Немересі жанында жүрген
Қаза тапқан ер адам – Хұрсан күдікті деп танылған ер адамның отбасымен 20 жыл бойы көрші тұрған. Олар бір-бірін бұрыннан таныған, туыстарының айтуынша, Хұрсан күдіктінің қалай өскенін де көрген.
Сол күні бес жасар немересі атасына жүгіріп келіп, оны сыртқа шақырып жатқанын айтқан. Зейнеткерді көршісінің ұлы шақырған. Хұрсан үйден шығып, оған жақындай бергенде әлгі ер адам бірден шабуыл жасаған.
Аулада болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Хұрсан шабуылдаушыдан алыстауға тырысып, кейін шегінгенімен, күдікті оны ұруын тоқтатпаған. Бір сәтте зейнеткер арыққа құлап, басын соғып алған.
– Үйге келсе немересі жүгіріп кіріпті. Ата-ата сізді шақырып жатыр. Ауылдас көршісінің баласы шақырып алып, келе салып Хурсанды ұрған. Құлаған. Бір емес жеті- сегіз рет ұрған. Ұрып құлатып, 7-8 реттен кейін үйден келіп, кондиционерді алып шығып кетіпті. Әкесі жанында болған. Әкесі ажыратпаған да. Баланың әкесі артқа қарап үйге кіріп кеткен, – дейді марқұмның туысы Мұхаммед Имамов.
Марқұмның жақындарын ең қатты алаңдатқаны – оқиға кезінде жанында ересек адамдардың болғаны. Күдіктінің ата-анасы болған жайттың бәрін көргенімен, араша түспеген әрі жедел жәрдем де шақырмаған.
Көшеде зейнеткердің бес жасар немересі де болған. Қыз бала атасының қалай соққыға жығылғанын көріп, оны қорғауға тырысқан.
– Әке-шешесі де жүр сол жерде қарап. Баласын тыймай ма, қарамай ма?! Видеода жүр соны көрдім. Әкесі болса керек ажыратпаған ғой. Алдында жүр ғой. Қарап жүр ұрып жатқанын. Анау бала ұрып жатыр. Немересі шауып жүр. Енді құлатып кетіп қалса мейлі ғой. Қайтадан барып тағы ұрған, – дейді марқұмның туысы Момынжан Имамов.
65 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмған. Оны кеше жерледі. Артында жеті баласы қалды. Үш жыл бұрын жұбайы қайтыс болған. Енді балалары әкесінен айырылып отыр.
Жанжал неден шықты?
Көп жылдық көршіліктің адам өлімімен аяқталуына не себеп болғаны әлі толық анық емес. Тұрғындардың бірі бұған дейін екі отбасының ұлдары арасында жанжал болғанын айтты. Ал марқұмның сол оқиғаға еш қатысы болмаған.
– Бұның баласы мен марқұмның баласы сөзге келіп қалады одан алдын. Содан басталады. Сосын мен қойыңдар, ұрыспаңдар деген кезімде марқұм жоқ еді. Сосын біз бұл кісімен сөзге барып қалған едік. Ерегесіп қалдық. Сосын марқұм қалаға келгеннен кейін ол кісілермен жолықпаңыз дедім. Болды, жолықпаймын деп тақырыпты жапқан едік. Білмеймін жоқ болып кетті да бұл кісі тағы да пайда болады. Қазір көрші деуге бетім шыдамайды. Ылғи есірткіде жүретін адам еді да ол кісі. Көбісі онымен жақсы тұрмайды, – деді тұрғын Баһадүр Исламов.
Көршілерінің айтуынша, күдіктінің бұған дейін де айналасындағылармен жанжалы болған. Зейнеткер қайтыс болғаннан кейін күдікті ұсталды. Ол көрші үйдің шатырынан табылған.
Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.