Мұнайлы өлкенің мұңы не – Маңғыстаудан арнайы репортаж

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Кез келген саяси науқан кезінде әлеуметтік-саяси ахуалды бағалауда Маңғыстау өңірі, әсіресе, Жаңаөзен қаласы негізгі индикаторлардың бірі саналады. Бұл –халықтың шынайы көңіл-күйі мен қоғамның талап-тілегін көрсететін өзіндік барометр. Басқа өңірлермен салыстырғанда Жаңаөзен тұрғындары еңбек қатынастары, жалақы, жұмыс орындары, әлеуметтік әділеттілік және баға мәселелері бойынша өз пікірін ашық әрі батыл жеткізеді. 

Құрылтай сайлауы қарсаңында Ulysmedia.kz редакциясы осы қалаға арнайы барып, тұрғындардың пікірін тыңдап, саяси науқанға деген көзқарасын біліп қайтты. Сапар барысында «Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының Маңғыстау жұртшылығымен кездесуіне куә болып, халықтың көкейіндегі негізгі мәселелерге қанықтық. 

МҰНАЙҒА ИЕК АРТҚАН ӨҢІР

Өзен кеніші – Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі. 100% «ҚазМұнайГазға» тиесілі. Мұнда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын кәсіпорын 5 млн тоннадан астам мұнай мен жүздеген  млн текше метр газ өндіреді. Компания бюджетке миллиардтаған теңге салық төлеп отыр. «Өзенмұнайгаз» – мыңдаған отбасы нәпақа тауып һәм елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысан.

Кәсіпорын еңбеккерлері өз қызметтерінің мән-маңызын жақсы түсінеді. «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері Гүлжан Әжіғалиеваның айтуынша, мұнайшылардың аймақтың дамуына қосып жатқан үлесі орасан.

– Артымыздан жастар өсіп келеді. Мұнай өндірісінде талмай еңбек етіп, аталарымыз, ағаларымыз секілді жұмыс істесе, бұл салада өте қызықты мамандықтар бар. Өзіміз ес білгелі Жаңаөзенде тұрамыз. Қала қарыштап дамып келеді. Мұның бәрі әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында, – дейді маман. 

«Өзенмұнайгаз» жұмысшыларымен кездесуде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партия үшін Жаңаөзен халқының, әсіресе, қала жастарының әлеуетін арттыруды басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. 

– Жастарға алаңдаушылық білдіріп жатырсыздар. Оған қатысты бағдарламамызда өз шешімдерімізді көрсеттік. Соны үкіметке орындататын боламыз. Біз бұл бағдарламаны жасағанға дейін былтырдың өзінде Жаңаөзеннен 100 студентті басқа қалаға жіберген болатынбыз. Сол жұмыс жалғасатын болады, бірнеше есе көбірек болады. «Әділет»партиясы –  президенттің стратегиялық құжаттарын, бастамаларын толық қолдау үшін құрылған арнайы партия. Бұл ескі партия емес, жаңа партия. Сұрақтарды шешуге шындап кірісетін боламыз. Сондықтан мәселелерді қаншалықты өткір болса да ашық айтыңыздар, – деді партия төрағасы.

ҚЫТАЙ МЕН ЕУРОПАНЫ ЖАЛҒАЙТЫН ТРАНЗИТТІК ҚАҚПА

Маңғыстау туралы сөз болғанда, Қазақстан экономикасы үшін ғана емес, халықаралық логистика үшін маңызды рөл атқарып отырған Ақтау порты міндетті түрде ауызға алынады. Қытайдан тасымалданатын тауарлардың бір бөлігі әуелі осы айлаққа жеткізіледі. Мұнда олар кемелерге тиеліп, Каспий теңізі арқылыӘзірбайжан, Иран, Түркия, Грузия және Еуропа елдеріне жөнелтіледі. Негізінен электроника, тұрмыстық техника, киім-кешек, автокөлік бөлшектері және өндірістік жабдықтар тасымалданады. Ақтау порты бүгінде Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды транзиттік қақпаға айналып отыр. 

Ақтау портында 15 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Рахман Қошқаровтың айтуынша, соңғы 5 жылда мұнда көп нәрсе өзгерген. Заманауи техникамен жабдықтаудың арқасында порттың жұмыс өнімділігі 4 есе артыпты.

– Бұл мекемеге 2011 жылы докер-механизатор болып жұмысқа кірдім. Кейін техникаларды жүргізуді меңгердім. Қазір стивидор болып қызмететем. Қаңтар оқиғасынан кейін Ақтау портында айтарлықтай өзгерістер болды. Бұрын-соңды бізде заманауи биік крандар болған жоқ. Бұрын контейнерлерді қарапайым кранмен алып, басқа орынға қою үшін 10-15 минут жұмсасақ, қазір жаңа техниканың көмегімен 3-ақ минут жұмсаймыз. Жұмыс екі есе жеңілдеді. Бұрын таңның атысынан күннің батысына дейін 50 контейнерді тиесек, қазір 200-ге жуығын тией аламыз. Бұл біздің жұмысшыларымызға үлкен мотивация. Өйткені олардың жұмысы қаншалықты өнімді болса, жалақысы да соншалықты жоғары болады, – дейді порт қызметкері.

Ақтау портының тағы бір жұмысшысы Сәрсенғали Беріктің айтуынша, геосаяси жағдайларға байланысты теңіз және су-көлік бағыттары өте қарқынды дамып келе жатыр. Кәсіби мамандарға да сұраныс өте көп. Осыған орай ол «Әділет»мүшелерінен теңіз және су бағытында кәсіби мамандарды дайындауда партия нақты қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын сұрады. Сауалға партияның республикалық сайлауалды штаб мүшесі Аят Сүгірбай жауап берді.

–  Қазіргі таңда еліміз бойынша су-көлік саласында14 мыңнан астам маман қызмет етуде. Каспий теңізі ғана емес, Балқаш көлі, басқа да өзен-көлдеріміз бар. Ол жерлерде де кәсіптер бар. Сонымен қатар қазіргі таңда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанындағы Теңіз академиясында кеме жүргізушілері, кеме технологтары, көлік-логистика саласында көптеген мамандар даярланып жатыр. Нақты айтсақ, 2026-2027 оқу жылына 160 грант бөлінді. Оның басым бөлігі Маңғыстау жұртшылығына тиесілі. Себебі ең ірі теңіз порты осында, – деді ол. 

24 МЛН ГЕКТАР ЕГІСТІК ҺӘМ ЖАЛҒЫЗ ЕСКІ ЗАУЫТ

Ақтауда орналасқан «ҚазАзот» –  Қазақстандағы аммиак пен аммиак селитрасын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Дәл осы жерде өндірілетін азотты тыңайтқыштар егістік өнімін арттырады. Зауытта 1200-ден астам адам еңбек етеді. Жылына жүздеген мың тонна химиялық өнім өндіріліп, оның шамамен 40 пайызы шетелге экспортталады.«ҚазАзот» Ақтауда құны 1,5 миллиард доллардан асатын жаңа газ-химия кешенін салып жатыр. Компания қожайыны Бахаридин Аблазимов жобаның маңызына тоқталды.

– Өзбекстанның 3,5 млн гектар егіс алқабы, 7 зауыты бар. Ресейдің 80 млн гектар егіс алқабы,  27 зауыты бар. Ал бізде 24 млн гектар жеріміз бола тұра жалғыз ескі зауыттың бетіне қарап отырмыз. Қазір көршілеріміздегі ахуалға байланысты өте ауыр жағдай болып отыр. Бұрын еліміздегі өндіріс орындары өздеріне қажетті өнімдерді Ресейден тасымалдайтын. Ондағы зауыттар Украинаның дрон шабуылына ұшыраған соң тасымал тоқтап қалды, – дейді «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы.

Бахаридин Аблазимовтың сөзінше, Ормуз бұғазы бұғатталғаннан кейін халықаралық нарықта азотты тыңайтқыштар құны үш есе қымбаттаған.

– Бірақ біз бағаны өсірмей ұстап отырмыз. Мемлекетпен келісілген бағаны бір тиын да көтерген жоқпыз. Себебі селитра сәл қымбаттаса, азық-түлік өнімдерінің бағасына бірден әсер етеді, – дейді ол.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: МАЭК МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШЕМІЗ?

Компания иесі геосаясатты сөз етсе, зауыт жұмысшылары өңірдегі өзекті проблемаларға назар аудартты. Мәселен, «ҚазАзот» АҚ газ-поршенді электр станциясының басшысы Мақсұт АсановМаңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы апаттардың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.

– МАЭК – облысымызды электр энергиясымен қамтып отырған мекеме. Соңғы уақытта осы кәсіпорын жұмысына байланысты жергілікті халықта да, бізде де үрей пайда болды. Жарықтың сөнуі, судың тоқтауы жиіледі. Осы кәсіпорындағы ахуалды бақылауға алсаңыздар, – деп зауыт жұмысшысы «Әділет» мүшелеріне жүгінді.

– МАЭК мекемесі бүкіл әлемді өзіне қаратқан, үлкен жаңалық болды. Ерекше жоба ретінде әлемдік байқауларда сыйлық алғаны да есте. Кейін онда реактор тоқтап, газға көшті. Оның үстіне, қала да өсті. Соңғы 10 жылда Ақтау үш өсе өсті деуге болады. Бұған, әрине, қуанамыз. Бірақ бұл инфрақұрылымға, соның ішінде жарық пен суға деген қажеттілігіне салмақ салып отыр. МАЭК-тің бұған қатысты жоспары барын білеміз. Мемлекет де назарда ұстап отырғаны белгілі, – деді «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, партия бағдарламасында Қазақстанның өзін-өзі энергетика тұрғысынан 100 пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр.

– Соның ішінде мұнай және газ өндіру және оны өңдеу, жаңа энергетика, соның АЭС салу жоспары қолға алынды. Арнайы референдум өтті. Сондықтан Маңғыстау және МАЭК қана емес, жалпы елдің энергетика тұрғысынан өзін-өзі толық қамтуы, мүмкіндік болса соның арқасында жаңа экономика құру мақсаты қойылып отыр, – деді Рауан Кенжеханұлы.

«ТАЗА МАҢҒЫСТАУ» ДЕГЕНДІ ҚАШАН ЕСТИМІЗ?

Маңғыстау үшін экология мәселесі де өзектілігін жоймай келеді. Сайлауалды бағдарламасына таныстыра келген «Әділет» мүшелеріне тұрғындар Каспийдің ахуалын, Мұнайлыдағы қоқыс полигонының жайын баяндады.

– Киелі Маңғыстау дегенді көп айтамыз. Сол контекстінің жанында «таза Маңғыстау» дегенді естігіміз келеді. Өңірдегі ең үлкен проблемалардың бірі – Мұнайлы ауданындағы қоқыс полигоны. Өзім осы ауданның тұрғынымын. Қоқыс полигоны мәселесін шешу партия бағдарламасында қалай қарастырылған? Каспий мәселесін шешуде қандай шаралар көзделген? – деді тұрғындардың бірі. 

Рауан Кенжеханұлы партия бағдарламасының ішінде кейбір арнайы аймақтармен бірге Каспий теңізінің аумағын қорғау және дамыту туралы бөлек заң қабылдау мәселесі алға қойылғанын атап өтті.

– Оны біз осындағы мамандардың, соның ішінде маңғыстаулық экологияны қорғау ұйымдарының мүшелерімен ақылдаса отырып бірге дайындайтын боламыз. Одан бөлек, орман алқаптарын көбейту мақсаты қойылып отыр. Бұл да Қазақстанға ортақ өзекті мәселелердің бірі. Шөл және шөлейт аймақтардың көлемін азайту, ормандардың көлемін көбейту, нақтырақ айтсақ, еліміздегі орман алқаптарын 14,5 млн гектарға көбейту міндеті тұр. Соның ішінде Маңғыстау аумағында да нақты шаралар қарастырылады. Қазірдің өзінде жеке инвесторлардың күшімен ағаш өсіру, ағаштарды жерсендіру мәселесімен айналысатын тәлімбақтар бастамасы іске асып жатыр, – деді партия төрағасының орынбасары.

«ӘДІЛЕТТІҢ» КҮШІ НЕДЕ?

Маңғыстау – Қазақстандағы ең жас өңірлердің бірі. Облыс халқының шамамен төрттен бірі – жастар. Олардың басым бөлігі мұнай-газ, көлік, құрылыс эәне қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Дегенмен жұмыс іздеп жүрген жастардың үлесі әлі де жоғары. 

– Өңір жастарымен кездесіп, пікір алмастық. Олардың арасында кәсіпкерлер де, креативті индустрия және туризм саласының өкілдері де бар. Сондықтан тек қана мұнайшы болам деген ұстаным әлдеқашан өзектілігін жойған. Заманның ағымына қарай мемлекеттің қолдауын пайдаланып, жастарымыз жан-жақты болуға тырысып жатыр, –дейді Аят Сүгірбай.

Партия мүшесінің айтуынша, Маңғыстау –  әділдіктің туын әрқашан биік ұстаған өңір. «Әділет» партиясын құру барысында қолдаушы азаматтардың ең көп саны осы өңірден болуы бұған айқын дәлел. 

– «Әділеттің» күші әділдігінде, жақтастарында, құрамындағы кәсіби мамандарында. Партиямыздың құрамы өте мықты. Басым көпшілігі саяси аренада жаңа адамдар болғанымен, әрқайсы өз саласында, өз өңірлерінде бұрыннан еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі азаматтар. Әсіресе, заңгерлер, қаржыгерлер, өнеркәсіп саласының мамандары көп, – дейді Аят Сүгірбай. 

САЯСАТТАҒЫ ӘЙЕЛДЕР: ҚҰРЫЛТАЙДАН КІМДЕРДІ КӨРЕ АЛАМЫЗ?

«Әділет» партиясы Маңғыстау өңіріне соңғы жылдары ел арасында қатты танылған прокурор Айжан Аймағанованы да ерте барған. Оған жастар құлшына сұрақ қойып жатты. Одан бөлек, Қазақстанда ең алғаш гроссмейстер болған шахматшы Гүлісхан Нахбаева да бар. Ол әйелдер құрамасының көшбасшысы әрі капитаны болып, талай ойында жеңіске жеткен. 

Гүлісханның айтуынша, қазақ қыздарының бойында кез келген саланы игеріп кете алатын білім мен қабілет, іскерлік жеткілікті.

– Еліміздегі қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстермін. Сондықтан спорт менің жүрегімде. Шахмат – интеллектуалды ұлтты қалыптастыратын негізгі құрал деп есептеймін. Сондықтан оны әрі қарай дамыту менің негізгі мақсатым. Қазақ қыздарының арасынан шыққан талантты шахматшылар көп. Өйткені біздің аруларөте ақылды, білімге құштар. Талай балаға сабақ беріп, шахматқа баулыған маман ретіндегі тәжірибеме сүйеніп, мұны ауыз толтырып айта аламын, – дейді шахматшы. 

Десе де, қазақ аруларының саясаттағы салмағы мақтанарлықтай емес. Парламент депуататтарының шамамен бестен бірі ғана – әйелдер. Соңғы жылдары партиялық тізім бойынша әйелдер, жастар мен мүгедектерге 30 пайыз квота енгізілгені белгілі. Ал әлемдік орташа көрсеткіш 27,5 пайызға жетті. Бұл – тек әйелдердің үлесі. Олар өздеріне тиесілі орынды басқа санаттармен бөліспейді.

«БАЛАЛАРЫМЫЗ ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДА ӨССІН»

Маңғыстау өңірі – бала туу көрсеткіші бойынша республикада алда тұрған аймақтардың бірі.Сондықтан Жаңаөзенге сапарымыздың көпбалалы отбасының шаңырағында тәмамдалуы да кездейсоқ емес. «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері, 6 баланың анасы Асыл Таңсықовамен тілдесіп, жаңаөзендік қарапайым жанұяның тыныс-тіршілігімен таныстық. Асыл – баланы да өсіріп, зауыттағы жұмысын да тыңғылықты атқарып жүрген еңбекқор жан. 

– Таңертең 6-да тұрамын. Зауытқа қатынайтын автобус 8-де жүреді. Оған дейін балаларды балабақшаға, мектепке апарып, бәрін орналастырып үлгеруге тырысам. 8-де кеткеннен кешкі 7-де бір-ақ келеміз. Көмекшім жоқ, жұмыстан келген бойда ас-ауқаттың қамына, үйдің қымт-қуыт тірлігіне кірісем, – дейді ол. 

Асылдың жолдасы да мұнайшы. Екеуі балаларының жарқын болашағына деген сеніммен «Әділет» партиясының қатарына қосылыпты.

– «Әділет» партиясы жаңадан құрылған партия болғандықтан, балаларымыз әділетті Қазақстанда өссін деген мақсатпен жолдасым екеуміз партияғакіріп жатқан жайымыз бар. Жаңаөзен тұрғыны ретінде қаланы көркейтіп, жастар серуендейтін орындар, балалар ойнайтын алаңқайларды көбейтсе деген тілегімді жеткізгім келеді, – деп көп ананың көкейіндегісін жеткізді. 

Репортаждың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көруге болады.