Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында Үкіметтің осы бастамасын қолдап, мәселені басым тәртіппен қарауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Білім беру саласындағы сарапшы Жазира Асанова бұл мәселенің бұған дейін де көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, екі күн бұрын педагогтердің Тамыз конференциясында балалардың интернеттегі қауіпсіздігі талқыланған.
– Осыдан екі күн бұрын бұл мәселе педагогтердің Тамыз конференциясында да көтерілген болатын. Сол кезде Президент тиісті заң жобасын Үкімет әзірлеп, маусым айында Парламентке енгізгенін айтты. Әңгіме тек әлеуметтік желілермен шектелген жоқ: зиянды контентті сүзгілеу және балаларға арналған SIM-карталар тетігін дамыту мәселелері де жеке айтылды, – дейді Жазира Асанова.
Қазақстанда бірнеше тетік қатар қарастырылып жатыр
Сарапшының пайымдауынша, қазіргі талқылау тек әлеуметтік желілерге жас шегін енгізумен шектелмейді. Оның сөзінше, интернеттегі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше тетік қатар қарастырылып отыр.
– Қазір интернеттегі бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір ғана шектеу шарасы емес, бірнеше тетігі қатар талқыланып жатыр: пайдаланушының жасын растау, жекелеген сервистерге қолжетімділікті шектеу және балаларды қажетсіз контенттен қорғау, – дейді ол.
Асанова мәселенің ауқымы да үлкен екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасындағы дерекке сәйкес, 2025 жылғы 1 желтоқсанда елімізде 6,9 млн бала болған. Бұл жалпы халықтың 34 пайызына тең. Ал 2025-2026 оқу жылында мектептерде 3,9 млн бала білім алған.
Сарапшы балаларға арналған SIM-карталарды енгізу мәселесі де 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына енгенін айтты. Қазір бұл тетік байланыс операторларымен бірлесіп пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.
Жас шегін енгізу жаңа сұрақтарды туындатады
Жазира Асанованың пікірінше, әлеуметтік желілерге жас шектеуін заңмен бекіту бірқатар практикалық мәселені қатар алып келеді.
– Жас шегін заңмен белгілеу өзімен бірге бірнеше практикалық мәселені алып келеді. Пайдаланушының нақты жасы қалай расталады? Қандай платформаларға шектеу қойылады? Талаптардың орындалуын кім және қалай бақылайды? Жасты растау кезінде балалардың дербес деректері қалай қорғалады? – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстаннан бұрын мұндай жолға түскен елдер де осы сұрақтарға жауап іздеп жатыр.
Аeстралиядағы тәжірибе нені көрсетті?
Сарапшы бұл бағыттағы ең көрнекі мысалдардың бірі ретінде Аустралияны келтіреді. Оның айтуынша, 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап әлеуметтік платформалар 16 жасқа толмаған балалардың аккаунт ашуына немесе бұрынғы аккаунтын сақтап қалуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауға міндетті.
Бұл талап Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X, YouTube және Reddit платформаларына қатысты.
Асанованың айтуынша, Аустралиядағы маңызды ерекшелік – заң талаптарын орындау жауапкершілігінің балаға немесе ата-анаға емес, ең алдымен платформалардың өзіне жүктелуі.
Сарапшы алғашқы нәтижелер де белгілі болғанын атап өтті. Желтоқсан айының ортасына қарай платформалар 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі деп анықталған шамамен 4,7 млн аккаунтқа шектеу қойған.
– Бұл жерде әңгіме балалардың саны емес, аккаунттар туралы екенін ескеру керек: бір баланың бірнеше аккаунты болуы мүмкін, – деп түсіндірді ол.
Үш айдан кейін Австралияның eSafety реттеушісі 4 мыңнан астам бала мен отбасының қатысуымен зерттеу жүргізген. Сарапшы келтірген дерекке сәйкес, әлеуметтік желіде жеке аккаунты бар 16 жасқа толмаған балалардың үлесі 52,4 пайыздан 42,1 пайызға дейін төмендеген.
Әлеуметтік желіге тыйым салу оны пайдалануды толық тоқтатпайды
Дегенмен сарапшы аккаунтқа тыйым салу баланың әлеуметтік желіні мүлде пайдалана алмайтынын білдірмейтінін атап өтті.
– Алайда аккаунтқа тыйым салу әлеуметтік желіні пайдалануды толық тоқтату дегенді білдірмейді. Мысалы, Австралиядағы ережелер балаларға аккаунтқа кірмей-ақ ашық контентті көруге тыйым салмайды. Мессенджерлер, ойын сервистері және көптеген білім беру платформалары жас шектеуіне мүлде жатпайды, – дейді ол.
Сондықтан оның пікірінше, пайдаланушының жасын анықтау тетігі ерекше маңызға ие.
– Егер бала тіркелген кезде туған жылын басқа етіп көрсетсе, заңның өзі мәселені шеше алмайды. Демек, жасты сенімді түрде растау бүкіл жүйенің негізгі тетіктерінің біріне айналады, – деп пайымдайды сарапшы.
АҚШ-та басқа тәсіл қолданылып жатыр
Асанова Қазақстандағы талқылаумен қатар АҚШ-тағы тәжірибеге де назар аударды.
Оның айтуынша, 26 тамызда Meta АҚШ штаттары мен аумақтарының, сондай-ақ Колумбия округінің 52 бас прокурорымен Facebook пен Instagram-ды жасөспірімдердің пайдалану тәртібін өзгертетін келісім жасалғанын хабарлаған.
Бұл тәсілде жасөспірімге тек жас шегі қойылмайды, әлеуметтік желіні пайдалану шарттарының өзі өзгереді.
Сарапшының айтуынша, Facebook пен Instagram-ды пайдаланудың жиынтық лимиті күніне екі сағат болып белгіленеді. Жасөспірім бұл шектеуді ата-анасының рұқсатынсыз өз бетінше алып тастай алмайды.
Сондай-ақ түнгі 00:00-ден таңғы 6:00-ге дейін қосымшалардың негізгі функциялары әдепкі бойынша бұғатталады. Сағат 8:00-ден 15:00-ге дейін push-хабарламалардың басым бөлігі өшіріледі.
– Қосымшаны үздіксіз пайдаланған әрбір 15 минуттан кейін ескерту шығып отырады, ал бір күндегі пайдалану уақыты 60 және 90 минутқа жеткенде қосымша хабарламалар беріледі, – дейді Асанова.
Қытай мен Еуропа қандай шараларға басымдық береді?
Сарапшы Қытайда да осыған ұқсас тәсіл қолданылатынын атап өтті. Алайда онда шектеулер бір әлеуметтік желіге ғана қатысты емес, мобильді құрылғылардағы кәмелетке толмағандарға арналған арнайы режим арқылы іске асырылады.
Оның айтуынша, 16 жасқа толмаған балалар үшін ұсынылатын жалпы лимит – күніне бір сағатқа дейін, ал 16–17 жастағы жасөспірімдер үшін екі сағатқа дейін. Құрылғыны 30 минут үздіксіз пайдаланғаннан кейін үзіліс жасау туралы ескерту беріледі. Ал 22:00-ден 6:00-ге дейін балалар режиміндегі сервистердің басым бөлігі әдепкі бойынша қолжетімсіз болады.
Еуропалық одақтың тәсілі де тек баланың жасын анықтаумен шектелмейді.
– Еуропалық одақ та пайдаланушының жасын ғана емес, адамның назарын платформада ұзақ ұстап тұратын тетіктерді реттеуге басымдық беріп отыр, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Еурокомиссия кәмелетке толмағандар үшін бейнені автоматты түрде ойнату функциясын, push-хабарламаларды, күнделікті белсенділік серияларын (streaks), хабарламаның оқылғаны туралы белгілерді, өздігінен жойылатын контентті және сервисті шамадан тыс пайдалануға итермелейтін өзге де функцияларды әдепкі бойынша өшіруді ұсынады.
«Техникалық шектеулердің өзі жеткіліксіз»
Жазира Асанованың пікірінше, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін тек техникалық немесе заңнамалық шектеулер арқылы қамтамасыз ету жеткіліксіз.
– Техникалық шектеулердің өзі жеткіліксіз. 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында 1-сыныптан бастап міндетті цифрлық білім беру қарастырылған: киберқауіпсіздік негіздері, цифрлық гигиена, сыни ойлау және медиасауаттылық, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық тақырыптары «Жеке қауіпсіздік» сабақтарына да енгізілген. Сонымен қатар ата-аналарға арналған бөлек бағыт қарастырылып, цифрлық тәуекелдерді танып-білу және бақылау құралдарын пайдалану дағдылары қамтылған.
– Бұл қажет, өйткені жас шектеуі белгілі бір кезеңде қолжетімділікті азайта алады, ал интернетте қауіпсіз әрекет ету дағдылары балаға 16 жасқа дейін де, одан кейін де керек, – деп атап өтті Асанова.
«Бір ғана шарадан гөрі бірнеше тетік қатар жұмыс істегенде нәтиже тұрақты»
Сарапшы әртүрлі елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кешенді тәсіл маңызды деген қорытындыға келеді.
– Түрлі елдің тәжірибесі бір ғана шарадан гөрі бірнеше тетік қатар жұмыс істегенде нәтиже тұрақты болатынын көрсетіп отыр, яғни пайдаланушының жасын тексеру және қолжетімділікті шектеу, платформалардың өзіне қойылатын талаптар және балаларды интернетте қауіпсіз әрекет етуге үйрету, – дейді Жазира Асанова.
Оның айтуынша, Қазақстанда да осы бағыттар бір-бірімен ұштаса бастады. Әлеуметтік желілерге қатысты жас шегі талқыланып, балаларға арналған SIM-карталар пилоттық режимде сынақтан өтуде, контентті сүзгілеу қарастырылған. Сонымен бірге цифрлық қауіпсіздік мектептегі оқыту мазмұнына енгізіліп отыр.
– Мұндай тәсіл баланың ықтимал қауіпті контентке қол жеткізуін шектеумен ғана шектелмей, оның цифрлық ортада өз бетінше дұрыс бағдар табу дағдыларын біртіндеп қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сарапшы.