Соңғы отыз жылда Алматы көп өзгерісті бастан өткерді: астана мәртебесінен айырылды, метро мен ондаған жол айрығына ие болды, қала орталығының бір бөлігін жаяу жүргіншілерге берді, пандемия мен Қаңтар оқиғасын көрді. Қаламен бірге оның әкімдері де ауысты – әрқайсысы шаһар өмірінде өз ізін қалдырды. Ал қазіргі әкім Дархан Сатыбалдының тұсында қала өзінің ең көне нысандарының бірін – Алматы ипподромын қайтарды. Қала күніне орай мұнда жүздеген көрермен жиналып, жүйріктер бәйге жолына шықты.
НҰРҚАДІЛОВТЕН БАЙБЕККЕ ДЕЙІН
Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматының алғашқы әкімі Заманбек Нұрқаділов болды. Оған 1990-жылдардың басында экономикасы нарыққа қарай бет бұрып, жекешелендіру жүріп жатқан, коммуналдық инфрақұрылымында мәселелері көп қала тиді. Дәл сол кезеңде Алматы бүгін бізге үйреншікті болып көрінетін сауда-саттыққа негізделген қалалық келбетін қалыптастыра бастады.
1997-2004 жылдары қаланы басқарған Виктор Храпуновтың тұсында Майлин көшесіндегі алғашқы ірі жол айрығы пайда болды. Әуежайдың жаңа терминалы салынып, метро құрылысы басталды.
Иманғали Тасмағамбетов жолдар мен жол айрықтарының құрылысын жалғастырды. Ал Ахметжан Есімовтің тұсында қалалықтар ондаған жыл бойы күткен оқиға болды: 2011 жылы Алматы метросы ақыры ашылды. Сондай-ақ қалада муниципалды газбен жүретін автобустар, арнайы автобус жолақтары, веложолдар мен жаңа шағынаудандар пайда болды.
Бауыржан Байбек тұсында Алматының келбеті тағы өзгерді. Панфилов көшесі қайта жаңғыртылып, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар, BRT жүйесі пайда болып, қалада жаяу жүргіншілердің мүддесін ескеруге талпыныс жасалды.
Пандемия мен 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы Бақытжан Сағынтаев басшылық еткен кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейін оның орнын Ерболат Досаев басты. Оның тұсында билік нүктелік құрылысқа шектеу қою, жаңа Бас жоспар әзірлеу және қалалық кеңістіктерді қайта жаңғырту мәселелеріне кірісті.
2025 жылғы 24 мамырда Алматы әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды.
ИППОДРОМ ҚАЙТАДАН ҚАЛА МЕНШІГІНЕ ӨТТІ
Жаңа әкімнің тұсындағы елеулі оқиғалардың бірі – Алматы ипподромының коммуналдық меншікке қайтарылуы.
Ипподром 1930 жылдан бері жұмыс істеп келеді және ондаған жыл бойы Алматының ең танымал орындарының бірі болды. Жекешелендірілгеннен кейін ол жеке қолдарға өтті. Ал нысанды сақтап қалу қажеттігі туралы әңгіме жылдар бойы айтылып келді.
Қазір мұнда қайтадан ірі қалалық іс-шаралар өтіп жатыр. Қала күніне арналған мерекелік бағдарламаға ипподромдағы ат жарысы, көкпар, құнан бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ және аламан бәйге енгізілді.
Ulysmedia.kz тілшісі мұнда бірнеше апта бұрын да келген еді. Ол кезде ипподромның көрінісі мүлде басқаша болатын: аттар өте аз, ал күзет қызметкерлері нысанның қала қарамағына өткенін және жөндеу жұмыстары енді ғана басталғанын айтқан. Кейін жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігердің әлі анықталмағаны белгілі болды.
Қала күні қарсаңында өзгерістер бірден көзге ұрып тұрды. Ипподромның қасбеті сырланып, көрермендер отыратын трибуналар ретке келтірілген. Әзірге мұны толыққанды қайта жаңғырту деп айтуға ерте, бірақ нысанның әлдеқайда жаңарғаны байқалады.
«ОТБАСЫМЫЗБЕН ОСЫНДА КЕЛУДІ ҰЙҒАРДЫҚ»
Трибунада балалы отбасылар, қарт көрермендер мен ат спортына қызығатын жұрт отырды. Көрермендердің бірі Ulysmedia.kz тілшісіне ипподромға жақын тұратынын және бәйгеге әдетте бүкіл отбасымен келетінін айтты.
– Біз бәйгеге келгенді жақсы көреміз. Бүгін алдымен қалаға барып, серуендеп, Алматы күнін сонда атап өтеміз деп ойлағанбыз. Кейін қала күніне орай мұнда бәйге өтетінін естіп, осында келуді ұйғардық. Біз үшін бұл қазірдің өзінде отбасылық дәстүрге айналып барады, – деді ол.
Күннің басты оқиғаларының бірі – Алматы әкімінің кубогі үшін өткен бәйге болды. 2000 метр қашықтыққа жеті жүйрік қатысты. Жүргізуші Алматы әкімдігіне ипподромда жарыс өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, көрермендерге нысанның мемлекеттік меншікке өткенін тағы бір еске салды.
Әкім кубогінің жеңімпазына 2 млн теңге сыйақы берілді. Бәйге соңғы метрлерге дейін тартысты өтті: көшбасшы бірнеше рет бір аттан екіншісіне ауысып отырды. Ал мәреге таяған тұста Ресми алға суырылып шығып, үшінші жарыста жеңіске жетті.
Бұл мерекелік шара ипподром үшін бір күндік науқан емес. Ұйымдастырушылар келесі жарыстарды өткізу жоспарын жариялап үлгерді. Іс-шара барысында жүргізуші көрермендерді алдағы уақытта да бәйге тамашалауға шақырды.