Жәрдемақы жағрафиясы: Қазақстан мен шетелде әлеуметтік қолдау деңгейі қандай

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда кейбір мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық өлшемі енгізілетіні туралы жаңалық тарағалы бері әлеуметтік желіде «бұл елде тұрудың мәні қалмады» деген сарындағы пікірлер көбейді. Ulysmedia.kz Қазақстаннан жиі көшетін елдердегі әлеуметтік көмекті біздегімен салыстырып көрді. Нәтижесінде, шетелге қоныс аударуға құлшыныс бірден бәсеңдегендей болды.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУҒА ЖҰМСАЛҒАН ТРИЛЛИОНДАР

Әуелі әлеуметтік төлемдерге қатысты әлеуметтік желіде жиі шатастырылатын екі мәселенің басын ашып алайық. Қазақстан үкіметі мұқтаждық өлшемін тек бюджеттен төленетін жәрдемақыларға енгізбек. Бұл төлемдер жұмыс істейтіндерге де, жұмыссыздарға да беріледі.

Жұмыс істейтін азаматтарға арналған кейбір төлемдерге қатысты да өзіндік тәртіп бар. Мәселен, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге берілетін жәрдемақы мемлекеттік төлем жұмыс істейтін азаматтарға арналған тиісті төлемнен жоғары болған жағдайда ғана бюджеттен төленеді.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін төлемдер – декреттік төлемдер, бала күтіміне байланысты еңбекке жарамсыздыққа қатысты төлемдер және тағы басқалары – қайта қаралмайды. Олар бұрын бекітілген формулаға сәйкес, азаматтың жалақысына қарай есептеле береді.

Ulysmedia.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен қазақстандықтарға әртүрлі жағдайда бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру жарналары есебінен қанша қаражат төленетіні туралы статистика сұратты.

Министрліктің мәліметінше, 2016 жылдан бері Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге 40,1 трлн теңге бөлінген. Оның 89 пайызы республикалық бюджеттен, қалған 11 пайызы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленген. Соңғы он жылда бюджеттен берілетін төлемдер көлемі 3,3 есе, ал МӘСҚ арқылы төленетін төлемдер 6,5 есе өскен.

Ведомство өкілдері Қазақстанның әлеуметтік қолдау жүйесінің ерекшелігі тек қаржыландыру көлемінің жоғарылығында емес, әлеуметтік тәуекелдердің кең ауқымын қамтуында екенін айтады. Мемлекет бала туу мен оны тәрбиелеуге, мүгедектікке, жұмыссыз қалуға, асыраушысынан айырылуға, жүктілік пен босануға, бала күтіміне және зейнет жасына жетуге байланысты төлемдер береді. Бұған қоса, азаматтардың жекелеген санаттарына арнайы қолдау көрсетіледі.

«Әлеуметтік қолдаудың басым бағыттары бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алдыңғы орында. Кейбір бағыттарда мемлекеттік кепілдіктер деңгейі неғұрлым дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сай келеді. Көп жағдайда төлем көлемі көршілес елдердегі көмек мөлшерінен жоғары, ал Қазақстанда қолданыстағы бірқатар әлеуметтік кепілдік басқа елдердің заңнамасында мүлде қарастырылмаған», – дейді еңбек министрлігінің өкілдері.

Әрине, бұл мәлімдеме 2027 жылғы қаңтардан бастап кейбір жәрдемақыларды тек табысы төмен отбасыларға ғана төлеу жоспарымен байланысты сынға жауап ретінде айтылғандай көрінеді. Дегенмен, министрлік келтірген деректерді тек Орталық Азия елдерімен шектелмей, басқа мемлекеттермен де салыстырып көруді жөн көрдік.

АЗИЯДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА ҚАНДАЙ КӨМЕК БЕРІЛЕДІ?

Қазақстанда енді тек мұқтаж отбасыларға ғана төленетін негізгі әрі көпшілік алатын жәрдемақылардың бірі – көпбалалы отбасыларға берілетін төлем. Қазір төрт баласы бар барлық отбасы ай сайын кемінде 69 300 теңге алады. Бала саны артқан сайын жәрдемақы мөлшері де көбейеді. Мәселен, алты баласы бар отбасына 121,4 мың теңге төленеді. Ал одан кейінгі әр балаға тағы 17,3 мың теңгеден қосылады.

Соңғы жылдары байқалатын үрдіс – отбасының тұрмысы неғұрлым жақсы болса, оның көпбалалы болу ықтималдығы да соғұрлым жоғары. Forbes тізіміндегі миллиардерлердің өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, олардың арасында бес-жеті баласы барлар аз емес. Олар демографияға қосқан үлесі үшін мемлекет ай сайын ақша аударатынын білмеуі де мүмкін.

Орталық Азия елдерінде көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету талаптары қатаңырақ. Мысалы, Қырғызстанда «Үй-бүлөгө көмөк» жәрдемақысы жан басына шаққандағы айлық табысы 1 000 сомнан төмен отбасыларға ғана беріледі. Оның мөлшері – 810 сом, яғни шамамен 4 400 теңге.

Өзбекстан мен Тәжікстанда да көпбалалы отбасыларға көмек тек мұқтаждықты ескеріп тағайындалады. Бала санына қарай төлем мөлшері 41 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

РЕСЕЙ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Қазақстан мен Орталық Азияның өзге мемлекеттерінде бала туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан демографиялық дағдарысқа тап болған елдермен салыстыру қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды. Дегенмен, басқа мемлекеттерде көпбалалы отбасыларға қандай көмек берілетінін де қарастырып көрдік.

Бір қызығы, әйелдер орта есеппен 1,5 баладан туатын Ресейде көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы бірыңғай жәрдемақы жоқ. Оның орнына мұндай отбасыларға түрлі жеңілдік қарастырылған. Олардың қатарында салықтық шегерімдер, еңбек демалысына қосымша күндер, зейнетке ертерек шығу және ипотекалық несиеге берілетін субсидиялар бар.

Сонымен бірге Ресейде бала туған кезде берілетін біржолғы төлемдер едәуір жоғары. Бірінші балаға берілетін аналық капитал 500 мың рубльден асады. Бұл – шамамен 3 млн теңге. Екінші және одан кейінгі балаларға тағы 168 мың рубль қосылады, яғни 1 млн теңгеден астам.

Беларусьте де демографиялық ахуал күрделі. Туу көрсеткішінің төмендеуі, халық санының азаюы және қоғамның қартаюы байқалады. Мұнда көпбалалы отбасыларға көмек мұқтаждық өлшеміне қарай беріледі. Жәрдемақыға жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс бюджетінің 115 пайызынан аспайтын отбасылар ғана үміткер бола алады.

Елдің Еңбек министрлігі сайтындағы ақпаратқа сәйкес, төлем әр отбасының жағдайына қарай жеке есептеледі. Егер отбасында үш жасқа толмаған бала және одан үлкен балалар қатар тәрбиеленсе, 265 беларусь рублі мөлшерінде жәрдемақы алуға болады. Бұл шамамен 38 мың теңге. Ал үшінші бала дүниеге келгенде отбасы 26 мың беларусь рубліне жуық капитал алады. Оның теңгемен шаққандағы мөлшері шамамен 3,8 млн теңге.

Әзербайжанда бес баладан көп тәрбиелеп отырған отбасыларға ай сайын 105 манат беріледі. Бұл – шамамен 28 мың теңге.

АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК ПЕ?

Көпбалалы болуды қолдаудың тағы бір жолы – анаға ерекше мәртебе беру. Қазақстанда алты және одан көп бала туған әйелдер «Күміс алқа», «Алтын алқа» белгілерімен, «Батыр ана» атағымен немесе «Ана даңқы» орденімен марапатталады. Бұл оларға ай сайын 6,4–7,4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 30 мың теңге жәрдемақы алуға құқық береді. 2027 жылғы қаңтардан бастап бұл төлемге де мұқтаждық өлшемі қолданылады.

Өзбекстан мен Тәжікстанда мұндай марапатқа байланысты тұрақты төлем қарастырылмаған. Қырғызстанда «Баатыр-Эне» атағын алған аналар ай сайын 3 000 сом алады. Бұл – шамамен 16 мың теңге.

Ресей мен Беларусьте де «Батыр ана» атағына ие болғандарға ай сайын берілетін төлем жоқ, бірақ біржолғы сыйақылар қарастырылған.

Ресейде төрт бала туған әйелдер «Ата-ана даңқы» медалімен марапатталып, 200 мың рубль алады. Бұл – 1 млн теңгеден астам қаражат. Жеті бала тәрбиелегендерге де осы аттас орден және 500 мың рубль беріледі. Ал он және одан көп бала туған әйелдер «Батыр ана» атағын алып, оған қоса 1 млн рубль көлемінде сыйақы алуға үміткер бола алады.

Дегенмен, баланы дүниеге әкелу аздық етеді: оны тәрбиелеп өсіріп, отбасының мұндай құрметке лайық екенін де дәлелдеу қажет.

Беларусьте бес және одан көп бала туған әйелдерге Ана ордені беріледі. Оған қоса 1 700 беларусь рублі, яғни шамамен 259 мың теңге төленеді.

ЖАС АТА-АНАЛАРҒА ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?

Қазақстанда мұқтаждық өлшеміне қарай тағайындалатын тағы екі төлем бар. Олар – бала туған кездегі біржолғы жәрдемақы және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін ай сайынғы төлем.

Қазір Қазақстанда бала туған кезде мемлекет бірінші балаға 38 АЕК немесе 164,3 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК немесе 272,5 мың теңге төлейді. Бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы 5,76–8,9 АЕК аралығында, яғни 25–38,5 мың теңге болады.

Орталық Азияның басқа елдерінде мұндай төлемдер Қазақстандағыдан төмен. Өзбекстанда бала туған кезде 812 мың сум беріледі. Бұл – 30 мың теңгеге де жетпейді. Тәжікстанда жәрдемақы баланың отбасындағы нешінші бала екеніне қарай 72–216 сомони аралығында, шамамен 9 500–28 мың теңге болады. Қырғызстанда біржолғы төлем – 4 000 сом, яғни шамамен 21 мың теңге.

Өзбекстанда бала күтіміне берілетін жәрдемақы үш жасқа дейін төленеді, бірақ ол тек тұрмысы төмен отбасыларға тағайындалып, мөлшері шамамен 12 мың теңгені құрайды. Қырғызстанда да бала күтіміне арналған төлем үш жасқа дейін беріледі, алайда оның мөлшері небәрі 1 200 сом, яғни 6 200 теңгедей. Тәжікстанда Қазақстандағыдай төлем бала бір жарым жасқа толғанға дейін беріледі. Оның көлемі – 72 сомони немесе шамамен 9 500 теңге.

Ресейдегі аналық капитал туралы жоғарыда айттық. Бұған қоса, бала туған әйелдерге мемлекет біржолғы 20,5 мың рубль төлейді. Бұл шамамен 100 мың теңге.

Бала тууға байланысты ең жоғары төлемдердің бірі Беларусьте қарастырылған. Бірінші балаға 3 285 беларусь рублі, ал одан кейінгі балаларға 4 599 рубль беріледі. Теңгеге шаққанда бұл – шамамен 478–683 мың теңге.

Ресейде жұмыс істемейтін ата-аналар бала күтіміне байланысты ай сайын кемінде 10,8 мың рубль алады. Бұл Қазақстандағы төлемнен екі есеге жуық жоғары. Алайда онда да төлем бала бір жарым жасқа толғанға дейін беріледі.

Беларусьте бала күтіміне арналған төлем үш жасқа дейін беріледі. Оның мөлшері баланың отбасындағы нешінші бала екеніне қарай 556–635 беларусь рублін құрайды. Бұл – айына 81,1–92,3 мың теңге.

ЕУРОПА ЕЛДЕРІНДЕГІ ТӨЛЕМДЕР

Қазақстандағы жәрдемақыларды Еуропа мен Азияның басқа елдерімен де салыстырып көрдік.

Германияда бала 14 айға толғанға дейін ата-аналарға Elterngeld төлемі беріледі. Оның ең төменгі мөлшері айына 300 еуро, яғни шамамен 150 мың теңге. Ата-ананың бұрынғы табысына қарай төлем 1 800 еуроға дейін, яғни шамамен 900 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Үш жастан 18 жасқа дейінгі балаларға Kindergeld жәрдемақысы төленеді. Оның мөлшері – айына 259 еуро немесе шамамен 128 мың теңге. Бұған қоса, табысы төмен отбасылардың балаларына арналған Kinderzuschlag төлемі бар. Оның мөлшері – 292 еуро.

Алайда бұл сандарды салыстырғанда екі жайтты ескеру қажет. Біріншіден, Германияда да бала туу көрсеткіші төмен: бір әйелге шаққанда 1,35 бала. Екіншіден, жәрдемақы көлемі жоғары болғанымен, бұл елде салық мөлшері де едәуір жоғары болуы мүмкін.

Францияда бала туған кезде 1 000 еуродан асатын біржолғы төлемдер қарастырылған. Бірақ олар тек мұқтаж отбасыларға беріледі.

Польшада да жәрдемақылар мұқтаждыққа қарай тағайындалады. Бала туған кезде 1 000 злотый, яғни шамамен 115 мың теңге төленеді. Бұған қоса, 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 800 злотый немесе 92 мың теңге беріледі. Ал екі жасқа толмаған баланың күтіміне арналған төлем – 1 500 злотый, яғни шамамен 173 мың теңге.

Бізге жақын Қытайда бала тууға байланысты біржолғы төлем қарастырылмаған. Алайда 2025 жылдан бастап үш жасқа толмаған балаларға жылына 3 600 юань көлемінде жәрдемақы төлене бастады. Бұл шамамен 240 мың теңге.

ШЕТЕЛ АСУДЫҢ МӘНІ ЖОҚ ПА?

Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан секілді өз азаматтарына осыншалықты ауқымды әлеуметтік қолдау көрсететін елдер кемде-кем екенін айтқан еді. Негізгі жәрдемақылар көлемін өзге мемлекеттермен салыстыру арқылы бұл пікірдің негізсіз емес екеніне көзіміз жетті.

Әлемдік өлшеммен алғанда демографиялық ахуалы қолайлы ел саналатын Қазақстанда балаларға берілетін төлемдер халықтың қартаюы айқын аңғарылатын Ресей мен Беларусьтегі жәрдемақылармен шамалас.

Қазақстандағы басқа төлемдерді де шетелдік үлгілермен салыстыруға тырыстық. Мәселен, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақыны алайық. Қазақстанда оның есептеу тәртібі Әлеуметтік кодексте бекітілген. Ал басқа елдерде төлем көлемі сақтандыру жүйесіне байланысты есептеледі.

Мысалы, Германия мен Польшада жесірлер мен жетімдерге төленетін зейнетақы марқұмның зейнетақысының 25–95 пайызы аралығында белгіленеді. Ресей мен Беларусьте ол марқұмның табысына қарай есептеледі. Тірі кезінде жақсы табыс тапқан адамның артында қалған отбасына мұндай тәсіл тиімді болуы мүмкін. Ал табысы төмен отбасылардың жағдайы қандай болмақ?

Qazaq Expert Club клубының негізін қалаушылардың бірі, экономист Бауыржан Шұрмановтың айтуынша, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттау – әлемде кең тараған үрдіс.

«Ұлыбританияда Universal Credit жүйесі әлеуметтік жәрдемақыларды бір цифрлық тетікке біріктірген. Онда отбасының жиынтық табысы мен жинақтары ескеріліп, төлем көлемі автоматты түрде қайта есептеледі. Ал Германиядағы Bürgergeld базалық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қатаң қаржылық бағалауға сүйенеді. Мемлекет өтініш берушінің ағымдағы табысымен ғана шектелмей, қолма-қол ақшаға айналдыруға болатын активтерін де есепке алады. Осылайша, өз жинағына сүйене алатын адамдарға төлем берілмейді. Оңтүстік Кореяда базалық әлеуметтік кепілдіктер жүйесі үй шаруашылығының есепке алынатын табысын және мүлкінің құнын ескереді. Бұл мемлекет қаражатын нақты кедейлікті жоюға бағыттауға мүмкіндік береді», – дейді экономист.

Шұрмановтың айтуынша, кез келген бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан көмекке мұқтаж емес адамдарға қаражат жұмсала берсе, шын мәнінде көмекке зәру жандарға ақша жетпей қалуы мүмкін.

«Ұзақ жылдар бойы еліміздің жәрдемақы жүйесінде жүйелі теңгерімсіздік болды: салық төлеушілердің ақшасы кейде оған шын мәнінде мұқтаж емес адамдарға да беріліп келді. Тұрмысы төмендерге арналған көмек алуға қымбат көлікпен келген азаматтар туралы әзілдер мен шынайы оқиғалар осы қисынсыздықтың айқын көрінісіне айналды», – деп есептейді Бауыржан Шұрманов.

Қазір цифрландырудың арқасында мемлекет азаматтардың ресми мәлімдеген табысын ғана емес, бүкіл отбасының қаржылық жағдайын – кірісі мен шығысын, қарыздарын, тіпті қаражатты қалай жұмсайтынын да көре алады. Осынша дерекке қол жеткізген соң, әлеуметтік төлемдерді бөлу кезінде мұқтаждық өлшемін енгізу мемлекет үшін заңды әрі қажетті қадамға айналды. Үкімет те осы жолды таңдады.

Мәселе – халыққа бұл өзгерістің мәні дұрыс түсіндірілмегенінде.

«Қазір Еңбек министрлігі үшін ең маңызды міндет – қоғаммен байланыс тәсілін түбегейлі өзгерту. Деректер базасына озық цифрлық құралдарды енгізу жеткіліксіз. Мемлекет қабылдаған шешімдердің мәнін халыққа түсінікті тілмен жеткізіп, есептеу алгоритмдерінің ашықтығы мен азаматтардың жеке деректерінің құпия сақталуына кепілдік беруі керек. Ал мұқтаждықты тексеру жүйесіне көшу – әлеуметтік әділдікке бастайтын, экономикалық тұрғыдан уақыты келген әрі дұрыс қадам», – дейді экономист.

Реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік көмекті қайта бағыттау. Яғни қиын жағдайға тап болған және шынымен қолдауға мұқтаж азаматтар мен отбасыларға берілетін төлем сақталуы керек. Ал табысы мен активтері өз күнін өзі көруге мүмкіндік беретін адамдардың әлеуметтік төлем алуына шектеу қойылады.

Жақында еңбек министрлігінің өкілдері өмірде кездесуі мүмкін күтпеген жағдайлардың да ескерілетінін түсіндірді. Мәселен, жұмысынан айырылу, бизнестегі қиындықтар немесе жергілікті төтенше жағдайлар есепке алынбақ. Әр отбасының тұрмыстық жағдайын ай сайын бағалау жоспарланып отыр.

Егер Отбасының цифрлық картасы арқылы бұрын жағдайы жақсы болған отбасының бір ай ішінде қиындыққа тап болғаны анықталса, ол мұқтаж санаттардың біріне ауыстырылады. Бұл жағдайда жәрдемақы қайтадан төлене бастауы мүмкін.