Президенттің жастар кадрлық резервінің кезекті іріктеуі биыл өтуі тиіс. Қоғамды осыдан құлағдар еткен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев өткен резервтегі жастарды жұмысқа тұрғызуда «бірқатар қиындықтар болғанын» растады. Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақалада алдыңғы резервшілерді жұмысқа толық орналастырып болмай жатып, жаңа іріктеу өткізген дұрыс па, әлде бұрыс па деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Әлеуметтік лифт
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында алғаш рет қазақстандықтардың жас ұрпағының ең жарқын, болашағы зор, дарынды өкілдерінен жасақталған жаңа мүмкіндіктер жолы құрылатынын мәлімдеді. Сол жылы мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекет басшысының идеясын жүзеге асыруды қолға алды. Көп ұзамай 13 мың үміткерді қатаң іріктеу нәтижесінде президенттік жастар кадрлық резервіне 300 үздік таңдалды.
Арада төрт жыл өтті. Енді мінекей тағы агенттік ел басқарудың серкелері болуы тиіс үздіктердің үздігін анықтау мақсатында байқау өткізуге уәде беріп отыр. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығының жоспарына сенсек, мұндай әлеуметтік лифт жас әрі жігерлі басшыларға басқару элитасының бұрын-соңды болмаған биіктерге көтерілуіне жол ашады.
Сөзсіз идея жақсы-ақ. Бірақ... Соңғы қабылданған 300 резервшінің барлығы қазір жоспарға сай жұмысқа орналаспаған. 2019 жылдан бастап кейбіреулер талантын, білімі мен тәжірибесін Жаңа Қазақстанды құруға жұмсай алмай, «үздіктердің үздігі» тізімінде жүр.
Біреуі министрлікте, біреуі...
Мәселен, «Integrity Astana» коммерциялық емес ұйымының жетекшісі, экономист Жанат Нұрғалиев президенттік жастар кадрлық резервінің мүмкіндіктерін пайдалана алмапты. Ол резервке кірер алдында мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияда және жеке секторда еңбек еткен.
«Резервке кіргеннен кейін әртүрлі ұсыныс болды. Бас маман, аудан әкімінің орынбасары, облыс басқармасының басшысы. Мен соңғысына тырыстым, бірақ жолым болмады», - дейді ол.
Жанат Серікұлы резервшілердің кейбірінің жолы болғанын айтады.
«Бізбен бірге барған үш адам министр болды. Олар Экология министрі Зүлфия Сүлейменова, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуаныров және Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. Ұлттық компанияға басшы болғандар, аудан әкімі атанғандар бар. Олар дегенмен жақсы жұмыс істеп, резервтен тыс та өздерін көрсеткенін атап өту керек. Әлбетте, кейбірі қызметтік баспалдақтан секіріп өте салды. Олар бірақ көп емес», - дейді Жанат.
Биыл тағы осындай іріктеу өтеді екен деген жаңалыққа сұхбаттасушымыз нәтижесіне толық сеніңкіремей жауап берді.
«Меніңше, алдымен алдыңғы президенттік кадрлық резервтің күшін толық қолданып барып өткізу керек еді. 300-ден бөлек тағы елу адамды қоспап па еді!? Солар қайда қазір?» - деп сұрайды ол.
Басшылық лауазымға конкурс деңгейінде келу идеясын Жанат Нұрғалиев қолдайды екен. Алайда осы жұмыстың іске асырылуына қояр сұрағы баршылық.
Жанат Нұрғалиев
«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, менің ойымша, іріктеу кезеңдеріне өте саналы түрде қарады, барлығы ашық әрі шынайы өтті. Бірақ резервшілерді одан әрі көтеру «нәтиже бермеді». Әу баста агенттік бұл мәселеге мән бермеген сияқты. Бүгін де мен Президенттік жастар кадрлық резервінің көптеген ақылды, талантты мүшелерін білемін. Олар бизнесте де, мемлекеттік қызметте де өзін жақсы жағынан көрсете алар еді бірақ, өкінішке қарай, оларға мұндай мүмкіндік берілмейді», - дейді ол.
Жаңа және ескі
Кадрлық резервте қаншама мықты азамат болғанымен, бір ғана адамдардың айналсоқтап орнын бергісі келмейтіні жайлы Жанат Серікұлы былай дейді:
«Ескі Қазақстан, бюрократиялық аппарат тарапынан қарсылық бар. Мәселен, бірінші басшылардың орнына лояльды, ыңғайлы әрі не тапсырса соны атқара беретін адамдарды қойғысы келеді».
Жанат Нұрғалиев мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жастарды іріктегенімен, оларды ілгерілетуде тиісті деңгейде жұмыс атқармады деп есептейді.
«Сол себепті меніңше, бұл проблеманы реттеудің екі амалы бар: агенттікті тарату керек, себебі әрбір мемлекеттік органда өзінің кадрлық қызметі бар немесе мемлекеттік органдарда кадр қызметін стратегиялық тұрғыда жүргізе алатын нағыз кәсіби маман келуі үшін осы құрылымдардың басшыларын ауыстыру керек», - дейді ол.
Жанат Нұрғалиев мемлекеттік басқарудың ескі жүйесі реформаға қинала көнетінін атап өтеді.
«Өз басым бюджеттің ашықтығымен айналысамын. Осыған келгенде мемлекеттік аппарат аталған мәліметтердің құпиялылығын қорғап шыға келеді. Ал қоғам ашықтықты талап етіп отыр. Азаматтар мемлекеттен бөлінетін қаражат, салықтан түскен сома қайда жұмсалып жатқанын білгісі келеді-ақ. Өкінішке қарай бұл процес өте баяу жүріп жатыр».
Үздіктердің думаны
Үздік үшжүздіктен Жанат Нұрғалиевтің қатарласы Бекжан Әлімқұлов президенттің жастар кадрлық резервінің мүмкіндіктерін пайдаланып көріпті, сол себепті жаңа іріктеу өткізуге қарсы емес. «Менімен бірге 2019 жылы сынға түскендердің көбін білемін» дейді ол.
«Олар өте ақылды, озық ойлы, әлемнің үздік университеттерінің дипломдары бар дарынды жігіттер. «Ағашқалардың балалары» емес, ел түсінсе, ұлттың қаймағы. Қазір жаңа іріктеу өтіп, қатарымыз сол жігіттермен толысса, өте жақсы болар еді».
Бекжан аталған тізімнің өзіне көп көмегі тигенін еске алады.
Бекжан Әлімқұлов
«Бізге жұмысқа тұру жөнінде көп ұсыныс түсті. Мен Түркістан облысы таңдап, Энергетика министрлігінің атом және энергетикалық бақылау комитеті департаментінің бастыуғы қызметіне бардым. Жұмыс тәжірибесін растап, анықтама жинаған емеспін. Президенттік жастар кадрлық резервінде болғанымнан кейін сол жерге алды».
Бекжан Әлімқұлов іріктеудің арқасында жастардың біразы шынайы мүмкіндікке ие болғанын айтады. Десе де іріктеудің негізгі құндылығын қызықты әрі ақылды адамдармен әңгімелесуден көреді.
«Өз басыма осындай орта ұнайды. Әртүрлі саладағы, экономиканың кез келген секторындағы мамандармен тілдесуге мүмкіндік туады. Бір-бірімізге сұрақтарымыз болса хабарласамыз, ой алмасамыз. Жиі кездесеміз, жұмыс істеп тұрған мемлекеттік органдардың әртүрлі басшылары резервтегілермен кездесу ұйымдастырады, «миға шабуыл» жүргізеді. Мұндай кештер өте қызықты. Бірақ кейбір позицияларда жігіттердің барлығын көру одан да қызық болар еді. Көптеген резервші жақсы қызметте жүр».
Десе де...
Десе де Бекжан Әлімқұлов резервтегі кейбір жастарды ілгерілету жұмысы қалыс қалғанын атап өтеді.
«Иә, адамдарды жақсы іріктейді. Мін жоқ. Бірақ ары қарай не істеу керек? Меніңше, осы жағына баса мән беру керек», - дейді ол.
Екінші жағынан Бекжан Әлімқұлов қазақтың дарынды жастары, оның ішінде беделді білімі бар, қазір шетелде әлемнің үздік компанияларында жұмыс істегенімен, Қазақстанның бюрократиялық жүйесінде адасып қалатынын айтады.
«Сондықтан, бір жағынан, оларға жоғары лауазымдарды сеніп тапсырғың-ақ келеді, екінші жағынан, бұл тәжірибенің жоқтығынан олар шыдас бермеуі мүмкін. Иә, президенттік жастар кадрлық резервінің әлеуеті толық пайдаланылған жоқ, бәлкім, бұл орындықты ұзартып, мемлекеттік аппараттың штатын әртараптандыру керек шығар», - дейді ол.
Колумбия университетінің түлегі Бекжан Әлімқұлов жақында Америкадан Қазақстанға оралған. Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында ол атажұртқа министрлікте тыныш орын, жақсы жалақы іздеп келмегенін айтады.
«Мен жұмыс істеу үшін оралдым. Сол себепті энергетика саласындағы реформаларды маған сеніп тапсырса, оны өзіме берілген құрмет деп санаймын. Менің сөзімді елдің батысында болған төтенше жағдай растайды. МАЭК-тегі апат ел энергетикасын жансақтау бөлімінен шығару керектігін көрсетіп берді», - дейді ол.
Десе де Бекжанға әлі жұмыс жағынан жаңа ұсыныстар түспеген.