Назарбаевтың моншаласы немесе Қазақстанда генерал қалай байбатшаға айналды

Ғалиасқар Думан

Жақында мәжілістің бір топ депутаты Алматының Ерменсай шатқалындағы жерін қоршап алған адамның кім екенін жарияға жар салды. Жер иесі жасырынған да жоқ – табиғи қорыққа екінің бірі кіре алмайтынына көз жеткізуге барған мәжілісмендердің алдына генералдың өзі шықты. Генералдың сөзінше, өзі "қоршауды игі ниетпен қойған": жерді бақылау керек, әйтпесе онда кім көрінген кіріп, табиғаттың сұлулығына нұқсан келтіреді-мыс. Ulysmedia.kz қарапайым генералдың шатқалдың мың гектарға жуық аумағын қалай меншіктеп алғанын анықтап көрді.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Жекеменшіктегі таулар

Осы бірегей жерді халыққа қайтаруға тырысып жүрген депутат Бақытжан Базарбек маусым айында Мәжілістің пленарлық отырысында Алматының 18 кадастрлық нөмірі бар таулары мен ормандары бір заңды тұлғаның жеке меншігіне өткенін мәлімдеп, прокурорлық тексеру жүргізуді талап еткен.

Прокуратура бұл фактіге елең ете қоймады – ешкім депутат айтқан деректі тексерген де жоқ. Заң үстемдігін бақылаушылардан қайыр болмаған соң, заңгер және "Жер аманаты" жер комиссиясының мүшесі Бақытжан Базарбек, депутаттар Ерлан Стамбеков, Сергей Пономарев және Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ташпенбетовпен бірге тауға шығып, қоршауды көріп қана қоймай, жер иесімен де танысқан.

Епті генерал

Генерал-майор Павел Новиков Алматының политехникалық институтын, Қонаев атындағы әскери училищені және және Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. Қарулы Күштерде 1972 жылдан – спортшы, жаттықтырушы-нұсқаушы болып қызмет ете бастады, содан кейін Орта Азия әскери округінің армия спорт клубының бастығы болды. Кеңес одағы тараған кезде Новиков Армияның орталық спорт клубын, содан кейін Қорғаныс министрлігінің спорт комитетін басқарды. 1996 жылы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып тағайындалды. Павел Максимовичтің тағы бір лауазымы болды – ол көптеген жылдар бойы Алматы әкімінің спорт мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды.

Сол дәуірді көзімен көрген және көп нәрсені есте сақтаған адамдардың айтуынша, Новиковтың мансаптағы өсуіне оның хоббиі көмектескен көрінеді. Тоқсаныншы жылдардың басында ЦСКА-да керемет монша болған. Оны елдің жоғары басшылары қатты жақсы көретін. Ал Новиков жақсы бу шығарып, керемет массаж жасай алатыны үшін құрметтелді. Бұл моншаға көп адам – Нұрсұлтан Назарбаев, Виктор Храпунов және Нұртай Әбіқаев жиі барған деседі. Олар кейіннен болашақ генералдың жүздеген гектар таулы-орман алқабын тиын-тебенге сатып алуына ықпал етті.

Павел Максимович ептілігін тағы бір лауазымда көрсетті – 1992 жылдан 2007 жылға дейін ол ҚР Теннис федерациясының президенті болды, ал қазір Алматыдағы ең қымбат корттарға иелік етеді.

“Айналамдағының бәрі – менікі”

Шамасы, спорт кейінгі орынға ығысқан тұста Новиков өз меншігін қоршаумен шегендегенді жөн көрген секілді: “жер менікі, өзгелер аттап баспасын” десе керек.

Таудың барлық беткейі оның жеке меншігі. 2004 жылы Қарасай ауданының әкімдігі бұл жердің барлығын берген. 2015 жылы Байбектің тұсында бұл жер 18 кадастрлық нөмірге бөлінді. Тау бөктерін айналып өту үшін жарты сағат қажет. Кіреберісте шлагбаум орнатылған, - деп ашуланады Бақытжан Базарбек.

Заңда сервитут деген ұғым бар. Оған сәйкес, меншік иесі адамдарға оның иеліктері арқылы өтетін жолды пайдалануға тыйым сала алмайды. Сервитут Жер кодексінің бірнеше баптарында жазылған, бірақ бұл заң Павел Максимовичке арналмағандай – өйткені ол өз иеліктеріне осы аумақ арқылы өтетін саяжай иелерінің де, туристердің де жолын жауып тастаған.

Айтпақшы, депутаттың бақшаларды өзіне қалдырып, ал таулар мен ормандарды халыққа беру туралы ұсынысын генерал қабылдамады. Әр төбе үшін күресетін түрі бар.