«Шенеуніктерге қаржыландыру тетігін толық ұстатуға болмайды»: Экономистер не ұсынады

Аян Өрібай

Осы айда президент отандық экономистерді сынап, мемлекетке жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді. «Қазақстан экономикасы қазіргі деңгейде қала алмайды» дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қыркүйекте халыққа жарияланатын жолдауда не айтылатыны белгісіз. Әркім әртүрлі тұспалдайды. Жорамалды, қандай проблемаларға назар аударылып, маңыз берілуі керектігін экономистер де айтып жатыр.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Банк өздігімен ешқашан арзан несие бермейді»

Мемлекет банктерге неге «ренжулі»? Ал банктер неліктен кәсіпкерлерге несие беруде сараң? Үкіметке жүктелген экономиканы әртараптандыру міндеті неге әлі күнге дейін орындалмай келеді? Жалпы экономикадағы жүйелі проблемалар неліктен шешілмей жатыр? Президенттің кезекті жолдауынан экономистер мен қаржыгерлер не күтеді?

Осы және өзге де сұрақтар Астанадағы қоғамдық саясат институтының алаңында қаржыгер маман Расул Рысмамбетов өткізген жиында талқыланды. Астанадағы алаңда алдымен қаржыгер Расул Рысмамбетов экономикадағы банктердің рөлі жөнінде пікірін ортаға салған. Жиынға елордадан өз пайым-пікірі бар біршама экономистер келген екен. Олар да көкейде жүрген ойларын айтысты.

Расул Рысмамбетовтың айтуынша, қазір қоғамда, кәсіби бірлестіктердің арасында талқыланатын негізгі мәселенің бірі – мемлекет пен жеке банктердің арасындағы бітпейтін дау. Мемлекет банктерге «бизнеске несие беріңдер» дейді. Банктер «айып етпеңіздер, біздегі ақшаның бәрі

салымшыларға тиесілі, оны біз қарапайым заттар экономикасына сала алмаймыз» деп аргумент келтіреді.

Расул Рысмамбетов

«Мені банктерді жақтап отыр деп қалмаңыздар. Бізде несие алғысы келетін кәсіпкерлер жалғыз ақша ғана емес, жер мен суды да ала алмай жүр. Қалалардың маңында бос жер жоқ. Банктер осы уәжді келтіреді», - дейді сарапшы.

Расул Рысмамбетовтың сөзінше, банктер мемлекет өз институттары арқылы нарыққа несие беретінін біледі. Квазимемлекеттік институттарға бұрыннан ақша банктердің көзқарасымен қарағанда «тегін», яғни 2-3 пайызбен беріліп келеді. Жоғары пайызбен қарыз беріп үйреніп қалған банктер үшін бұл – «нарық ережелерінің бұзылуымен» тең. Яғни банк ешқашан өздігімен 2 пайызбен ақша бере алмайды.

«Әкімдіктерде 2 пайызбен несие беретін бағдарлама барын білесіздер ме? Гуманитарлық сипатта аз болса да беріліп жатыр. Солайша, банктер мемлекеттің қолдауынсыз несие бере алмайтындай қауіпті симбиоз қалыптасты. Ал мемлекет болса, мәселен «Бәйтерек» холдингі «сіздер несие бермегендіктен, біз бизнеске несие беруге мәжбүрміз» деп ақталады. Өз құйрығын өзі шаққан жылан сияқты – бұған кім кінәлі әрі не істеу керек деген мәселеге әлі бас қатырып жүрміз. Бұл шешілмейтін мәселе», - дейді қаржыгер.

Сарапшы қыркүйектегі жолдау (мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауы) «осы мәселеге сәуле түсірер» деген сенім білдірді. Қаржыгердің пайымдауынша, екі жақ та мемлекет басшысына да, экономикалық блокқа да жүгініп, қордаланған мәселелерді реттеу керектігін айтысқан.

«Себебі экономиканы әртараптандыру тапсырмасын шағын және орта бизнестің көмегінсіз шешу мүмкін емес. Қазақстан Даму банкінде үш жылдың ішінде бүкіл экономиканы әртараптандыра салатындай қаражат жоқ», - дейді ол.

«Әр теңгені жіті қадағалайтын уақыт келді»

Экономист Жанат Нұрғалиев «саяси реформасыз біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз» дейді. Оның сөзіне, егер саясатта монополия болса, бәсекелестік болмаса, онда экономика да дамымайды.

Жанат Нұрғалиев

«Сол себепті бір салмақ болса оған қарсы салмақ та болуы керек. Мемлекет бюджетінен қаншама қаражат бөлініп жатқанын көріп отырмыз. Біз қазір бюджеттің әр теңгесін жіті қадағалайтын уақыт келді. Әр теңге қайда жұмсалып, қаншалықты тиімді пайдаға жарап жатыр? Егер олай болмаса біз Ұлттық қорды таусылып тынамыз. Қазір де кепілдендірілген трансферт артып барады. Экономиканы әлі күнге дейін әртараптандырған жоқпыз. Әлі күнге дейін мұнайға тәуелділік азайған жоқ», - дейді ол.

Жанат Нұрғалиев банк – экономиканың қаншалықты дамып жатөанын көрсететін көрсеткіштің бірі екенін атап өтеді.

«Егер біздің экономика әлсіз болса банктер да алысқа бармайды. Сол себепті бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар – ол саяси реформалар. Биыл болған жұмыстар тек дайындық, үш жылдан кейін шынайы қарама қарсы салмақтары бар жүйе қалыптасар деген ойдамын», - дейді ол.

«Қасқырға қой бақтырып қойдық»

Мемлекеттік-жекешелік серіктестік сарапшылар қауымдастығының басшысы Арман Тілеубаев банктер экономикаға расында да көмектесе алатынын, алайда Ұлттық банк үкімет шешіміне тәуелді екенін атап өтеді. Оның айтуынша, Ұлттық қордан арзан ақша, валюталық қарыздар түсіп жатқанымен, оның бәрі ойсыз жұмсалып жатыр.

Арман Тілеубаев

«Егер алдымен осы мәселелерді реттеп алсақ, жеке банктер бизнесті қаржыландыруға дайын. Нарық болса экономика да болар еді. Алайда біздің экономикадағы мәселелер әріптесім айтқандай саяси реформаларға тіреліп тұр. Шенеуніктердің аппаратымен байланысты проблема бар. Біз ашығын айтқанда, қасқырға қой бақтырып қойдық. Мемлекетке қаражатты, қаржыландыру тетігін толық ұстатуға болмайды. Барынша шектеу керек», - дейді ол.

«Ол үшін не істеу керек?» деген сұраққа Тілеубаев «алдымен келіп жатқан арзан ақшаларды, бюджет қаражатын банктер беретін шартпен беру керек» деп есептейді.

«Ұлттық банктен трансферт келді ме – кәдімгі банктер беретін талапқа сәйкес берсек, үкімет ойланар еді. Бізде әлі күнге дейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылық иелеріне 0,01 пайызбен берілетін несие бар. Бұл не өзі? Бұл абсурд. Енді кім барып ТҮКШ-ті несиелендіреді.  Қазір Қазақстан даму банкі мен Еуразия даму банкі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырмайды. Олар қазір коммерциялық жобаларға ақша бөледі. Олардың аты «даму банкі» болғаннан кейін инфрақұрылымдарды, жолдарды, желілерді қаржыландырып, экономикалық өндірістерге басымдық беруі керек еді. Бұл жоқтың қасы», - дейді Тілеубаев.

Сарпашы «шенеуніктер аппаратының ақшаға қолжетімділігін шабу керек, Үкімет Ұлттық қордан ақшаны банктердің шарты бойынша алуы тиіс» деп мәлім етті.

«Банктер неге кәсіпкерлерге несие бермейді? Мемлекеттің өзіне алып алған әлеуметтік міндеттемелерін қысқарту керек. Мәселен, медициналық сақтандыру жүйесін алып қарасақ, бізде көрсетілетін қызметтердің тізімі бар, бірақ олардың шекарасы, мөлшері жоқ. Осыдан барып медицина, денсаулық сақтау саласында ақша оңды-солды шашылып жатыр. әр салада қор бар. Осының бәрін тоқтатып, нарыққа беру керек. Ол механизм – мемлекеттік-жекешелік серіктестік. Мемлекет жеке секторға белгілі бір шарттармен өз міндеттемелерін беруі тиіс. Бірақ бұл бізде жоқ», - деп түйеді Арман Тілеубаев.