Елорда әуежайының қызметкері жүк тиегіш көлік ішінде қайтыс болды

Ғалиасқар Думан

Астана әуежайында жүк тиегіштің жүргізушісі қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Әуе айлағының қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, оқиға бүгін, 2 қарашада болған. Жүк тиегішінің салонында ес-түссіз жатқан жүргізушіні әуежай қызметкерлері тапқан.

"Осыған байланысты фельдшерлік-акушерлік пунктке дәрігерлерден перронға шақырту түсті. Дәрігерлер реанимациялық шаралардан кейін жүргізушінің қайтыс болғанын растады", - деп мәлім етті әуежайдағылар.

Қаладан келген полицияның жедел-тергеу тобы жедел-іздестіру шарасын жүргізген, одан кейін марқұмның денесі жедел жәрдем көлігімен мәйіт елорданың сот-медициналық сараптама орталығына жіберілген.

Қайтыс болған жүргізуші ауысым алдында міндетті медициналық тексеруден өткені, денсаулығына шағымдар болмағаны хабарланды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Рудныйда ЕRG кәсіпорнында жұмысшы қаза тапты.