«Армиядағы жастардың 90% ауылдардан»: Жақсылықов шенеуніктердің балаларын армияға міндеттеуге қарсы шықты

Аян Өрібай

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов заңға министрлер мен депутаттардың, әкімдердің ұлдарын армияға міндеттеуге қарсы шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Айта кетейік, Мәжілісте бүгін кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қаралған. Заң жобасы бойынша резерв жасақ үшін екі мың адамды жыл сайын әскери дайындықтан өткізу көзделіп отыр. Осы ретте депутат Ринат Зайытов мынадай мәселе көтерді.

– Сіз статистикаңызда армияға 90 пайыз жастар аулыдан келетінін айттыңыз. Мен осы уақытқа дейін қателесеуім де мүмкін, бірақ министрдің немесе әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімеймін. Осы заң аясында жоғары лауазымды тұлғалардың не өздерін немесе балаларын екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма?

Бұл сұраққа жауап берген Руслан Жақсылықов өз ұлын армияға жіберетіндер оны ашып айтпайтынын айтады.

– Мен мысал келтірейін: бұрынғы ішкі істер министрі, генерал-полковник Қалмұхамбет Қасымов, менің бұрынғы командирім екі немере бауырын маған әкеліп, кәдімгі солдат болып әскери борышын өтеуге жіберді. Құрметті сенатор Мұхтар Құлмұхамедтің ұлы «престижді» мектепті бітіргеннен кейін мерзімді әскери қызметке солдат болып қызмет етуге барды. Десант болды. Қазір АҚШ-тағы әскери оқу орнында курсант. Бұл мысал емес пе? – дейді ол.

Сол себепті «министрлер мен әкімдердің, депутаттардың ұлдары әскери борышын өтейтіндей жеке норма қарастырудың маңызы жоқ» дейді ол.

– Заң бәріне ортақ. Бұл нормаға келгенде бәріміз алдымен сұрақты өзімізбен бастайық, - дейді ол.