Антикор Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «қосымша эпизодтарды» атады

Аян Өрібай

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтың айтуынша, бұрынғы мәдениет және спорт министрі бір емес, бірнеше іс бойынша сотқа тартылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты 221 млн теңгелік бюджет ақшасын жымқыруға байланысты іске үкім шықты. Қазір басқа қосымша эпизодтар бар: олар да бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру және жоғары шеберліктегі спорт мектебін заңсыз жекешелендіруге қатысты істер. Одан бөлек, қонақ үйді рейдерлік жолмен басып алу, пара беруге тырысу ісі де бар. Осы істердің бәрі сот қарауында, – деді Арман Тілеукенов.

Еске сала кетейік, былтыр жыл соңында Астана сотында Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жаңа сот процесі бойынша алдын ала тыңдаулар өткен еді. Екі эпизод бір өндіріске біріктірілген.

Осылайша, біріншісі "Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы шеруі" көрмесін өткізуге байланысты жаңа жағдайлар тексеріліп жатыр. Екінші іс - Астанадағы "Дипломат" қонақ үйінің "рейдерлігі" жөнінде қозғалған. Айыптау актісіне сәйкес, сотталушылар 1.5 млрд теңге жымқырды деп күдікке ілініп отыр. Қорғаушы тарап бұл актімен келіспейтінін мәлімдеді, өйткені кінә расталмағанын алға тартады.

Экс-министр бұған дейін не үшін сотталды?

Еске салайық, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталды. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.