«Айтпайтынды айтқызасыңдар». Бүгінгі журналистика жайлы сенатор Нұртөре Жүсіппен сұхбат

Ulysmedia

Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп еліміздегі «Масс-медиа» заңы, қазіргі журналистиканың жай-күйі жайында, «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» секілді стратегиялық бағдарламалар туралы, журналист мәртебесі, Германиядағы журналистика саласының тәжірибелері туралы ойларын Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасында айтты. Дегенмен сенатор көп жауапқа ашық жауап бере алмай, айтқысы келген шындықты өзімен бірге қайта алып кеткендей көрінді.

Коллаж: Уәде жобасы

Журналистке мәртебе керек пе?

Сенатор қазіргі қоғамда дау туғызып, кеңінен талқыланып, әлі де болса Мәжіліс алдында жатқан «Масс-медиа» туралы Заңның маңызды екенін атап өтті. Қолданыстағы заңның да жаман емес екенін, бірақ жаңадан қабылданатын заңда блогерлер, әлеуметтік желідегі жекелеген авторлар туралы ерекшеліктері болатынын, одан бөлек журналист мәртебесі болатыны туралы айтты. Яғни ұстаздар мен дәрігерлерге берілген секілді, журналистерге мәртебе беру мәселесін маңызды есептейді.

Мемлекеттік реестрде редакторлар мен коллекторлардың ғана көрсетілгенін айтқан сенатор, журналистердің де сондай бір санатқа жатқанын қалайды. Мәселен, мемлекеттік қызметкер, бюджеттік саланың қызметкері деген секілді ойды келтіріп отыр. Дегенмен Нұртөре Жүсіп журналистика деген мамандықтың «төртінші билік» екенін, ол төртінші билік ретінде билік жүргізуге емес, алдыңғы үш биліктің тармағын бақылауда ұстап, оларды қадағалап отыратын күшке ие екенін ескермеген секілді.

Сенатордың көтеріп жүрген мәртебе мәселесінде үй ала алмай, кезекке тұра алмай жүрген журналистердің жанайғайы естілді деуге болады. Үй алу, үй алу үшін кезекке тұру жалпы халыққа ортақ мәселе. Ол үшін жекелеген санаттағы топтардың, әлеуметтік жақтан арнайы қарастырылған механизм бар. Ал он екі мүшесі сау, өз қызметін атқарып жүрген басқа қоғамдағы азаматтарды саласы бойынша бөліп, оларға арнайы мәртебе беріп, үй алу жағын жеңілдету қаншылықты заңды? Мәселе осында болып отыр. Тіпті журналистерге үй беру жағын жеңілдету немесе мәртебе беру олардың шындығында белгілі бір жүйеге бағыншты болып, объективті жазу стилінен кетуіне кедергі келтірмей ме?!

Жүргізуші сенаторға «Журналистің негізгі мәселесі мәртебе ме?» деп сұрақ қояды. Нұртөре Жүсіп «Білмеймін енді…» деп қысқа қайырады да, жауабын салыстырмалы түрде жалғайды. Сенатордың айтуынша, пандемия кезінде ауырған дәрігерлер 2 млн теңге, қайтыс болған дәрігерлер 10 млн теңге алғанын айтып келіп, журналистер ше, олар адам емес пе деген сарынға ұластырады. Олардың да тәуекелі бар екенін, сіз бен біз қорғамасақ кім қорғайды дегенге келтіреді. Мәселе осы қорғауда екенін сенатор ашып айтпайды. Яғни «мемлекет» деп отырғаны кім? Билік пе әлде осы мемлекеттік жасап отырған әр азамат па?

«Заң бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек» дегенді айтты. Ендеше бұған дейінгі және қазіргі қолданыстағы заң журналистердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырғаны ма? Сенатор сөз басында заңды мақтайды, оның керек екенін айтады, бірақ кейін осы сөзді айтып келіп, заңға деген сенімсіздігін білдіреді.

«Ол үшін саяси ерік-жігер керек»...

Жүргізуші қазіргі медиадағы, соның ішінде журналистикадағы табыс көзінің мемлекеттік тапсырыс арқылы келетінін, соның ішінде жергілікті әкімдіктердің, Ішкі саясаттың журналистерге кедергі болатынын айтып келіп, дәл осы мәселе нарықта еркін формада жүргенде қазіргі медиа дамушы еді ғой деген ойды айтып, сенаторға «келісесіз бе?» деген сұрақ қойды. Сұраққа жауапты Нұртөре Жүсіп өте ұзақ ойланып барып жауап берді.

«… Кім біледі…» деген сенатордың жауабы көп ойды қозғаған секілді. Себебі «бізде заң бойынша цензура» жоқ деген сенатордың «кім біледі» деп жауап беруі кедергінің бар екенін де, жоқ екенін де нұсқайды. Яғни журналистика мемлекеттік тапсырысқа байланбағанда дамуы да мүмкін деген сөз. Бұдан бөлек жауапты толықтыра түскен сенатор ақыры елдегі сөз бостандығының жоқ екенін мойындаған секілді.

«Айтпайтынды айтқызасыңдар ғой, ол үшін саяси ерік-жігер керек. Сөз бостандығы орнауы керек. Қоғамдық ашқықтық деген мәселе… жарайды енді…» деп аяқтайды ойын. Сенатор мырза сөз басында бізде заң бойынша цензура жоқ екенін айтады да, мына жерде ол үшін сөз бостандығының орнағанын қалайды.

«Германияда заң жоқ журналистика туралы. Журналдарына шыққан мақала соттың шешімінен жоғары. Германия қайда, біз қайдамыз. Мемлекеттік құрылымды Германияның үлгісінде қарасаңыз, көресіз», деп жауап берген Нұртөре Жүсіп ол елдегі журналистиканың деңгейін ашық айтып, біздегі жағдайды қандай екенін салыстырмалы түрде түсіндіріп берді. Осы жауаптардан түсінгеніміз, сенатор өзі айтып отырған заңдағы цензураның жоқ екенін өзі жоққа шығарады әрі елдегі журналистканың толығымен мемлекеттік тапсырысқа байланып қалғанын мойындап отыр.

Цензура 2090 жылға дейін бола ма?

Сенатор Нұртөре Жүсіп жауаптың бәрінен шаршады ма әлде қашуға бекінді ме, қысқа ғана «мен қазір журналистикада жоқпын, сондықтан өздерің шешіп алыңдар» деп қысқа қайырды. Тек дәл сол журналистердің мәртебесі туралы мәселені көтеріп жүрген сенатордың өзі еді.

Сұхбат барысындағы ең жұмбақ әрі күрмеуі біразға дейін шешілмейтін, көп талқыға түсетін жауаптың бірі былай айтылды:

«2030 деген бағдарлама жасадық, оны мерзімінен бұрын орындадық та, 2050 деген бағдарлама жасадық. Оған да тағы бір 2090 деген бағдарлама жасап, асықпай күту керек. Сол кездегі ұрпақ бәлкім жасайтын шығар», деген сенатор бүгінгі Қазақстандағы медианың, журналистиканың ертең шешіліп, біржақты болмайтынына нүкте қойған секілді. Яғни 2090 жылға дейін күту керек деп отыр. Бұл аталған бағдарламалардың жеміс бермегені ме әлде сенатор Нұртөре Жүсіп шынымен де алдағы бірнеше жылда елдегі өзгерістің, журналистикадағы еркіндіктің болатынына іштей сенбей ме?

«Масс-медиадағы» ең көп талқыға түскен нәрсе – пресс-карта. Бұл журналистердің сөз бостандығын шектейтін бірден-бір құрал екені айтылды, жазылды. Міне, дәл осы пресс-картаны сенатордың өзі де қолдап отырған жоқ. Оның сөзінше, кезінде Жас Алашта жүргенде «картасыз да, қалтасыз да» жұмыс істеген.

Жауап беруден гөрі үнсіздігі басым болған сұхбатта сенатордың бүгінгі Қазақстандағы журналистикаға деген көзқарасының нақты қандай позицияда екенін білу мүмкін болмады. Ал журналистке мәртебе де, санат та емес, сөз бостандығы керек.