Алдағы күндері Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировтың Қазақстанға сапары өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сапардың мақсаты
ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлағандай, Башқұртстан басшысының Астанаға сапары 23-24 қаңтарда өтеді.
"Сапар аясында башқұрт делегациясы Қазақстан-Башқұртстан бизнес-форумына, сондай-ақ, екі республика арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысады", - деді ол.
Башқұртстандағы наразылық неден басталды?
17 қаңтарда Башқұртстанның Баймақ аудандық соты "араздықты қоздырды" деп айыпталған Фаил Алсыновтың ісі бойынша үкім (РФ қылмыстық кодексінің 282-бабы) шығарылды. Белсенді 2023 жылдың сәуірінде ауыл жиынында сөйлеген сөзі үшін төрт жыл колонияға сотталды. Сол күні Ишмурзино ауылының тұрғындары алдында сөз сөйлеген Алсынов башқұрт тілінде аймақтағы проблемалар мен соғыс туралы айтқан еді. Өз сөзінің соңында белсенді " қара халық "деген сөзді қолданған. Дәл осы сөздерінен Алсыновтың қызметімен бұрыннан таныс Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров “қылмыс тапқан”. Шенеунік прокуратураға “ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны, экстремизмге шақырғаны” және Ресей армиясының "беделін түсіргені" үшін Алсыновты жауапқа тартуды сұраған.
Алсыновқа үкім шыққаннан кейін Баймақ сотының ғимаратында оны қолдауға келген мыңдаған адамдар жиналды. Жиналғандар: "Бостандық!" және "Біз қара халықпыз" деп ұрандатқан. 19 қаңтарда ел астанасы Уфа қаласында да Алсыновтың жақтастары митингі өткізді. Онда он адам ұсталды.
Фаил Алсынов деген кім?
37 жастағы Фаил Алсыновтың қысқаша өмірбаянын оның досы және башқұрт ұлттық қозғалысының тең төрағасы, бұрынғы журналист Руслан Ғаббасов жазған.
Ол өзінің "башқұрт ұлтшылының жазбалары" кітабында Алсыновқа бүкіл тарауды арнаған.
Фаил 1986 жылы Зилаир ауданы Юлдыбаев ауылында дүниеге келген. Алсыновтың анасы өмір бойы ауруханада санитар болып жұмыс істеген. Әкесі импорттаушы болып еңбек еткен, бірақ кейінірек өз ауылында молда болған.
Фаил Алсынов Башқұрт мемлекеттік университетінде тарихшы мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылы ол федерализмді, зайырлы ұлтшылдықты, башқұрт тілінің дамуын және демократияны жақтайтын "Көк Бөрі" жаңа башқұрт ұйымына ("сұр қасқыр" деп аударылған) қосылған. Онда ол Ғаббасовпен танысқан. Екі жылдан кейін Файл қозғалыс төрағасының орынбасары және оның негізгі қатысушыларының бірі болды.
"Көк-Бөрі" шағын, бірақ өте ықпалды ұйым болды: белсенділер бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудара білді. Ресми мекемелерде жұмыс істеуге тырысты, сонымен қатар идеологиялық тұрғыдан жұмысты жақсы жүргізді. Фаил Алсынов Башқұртсандағы Күштауды қорғап шыққан.