«Жағдай өзгермесе жауаптылар жазаланады»: Үкіметте «Жайлы мектеп» жобасы қатаң сынға ұшырады

Аян Өрібай

Үкіметте бүгін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Жобаға қыруар қаржы бөлінген. Оның жүзеге асырылуына айтылып жатқан сын да аз емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет

Бейсембаев не дейді?

Жобаны оқу-ағарту министрлігі бақылайды. Алдымен, баяндама жасаған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жалпы ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталғанын айтады. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті (2025 жылы – 152) қолданысқа беру көзделген.

Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша салынып жатыр. 163 мектеп (44%) ауылдарда салынады.

– Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлу көзделген (2023 жыл – 500 млрд теңге, 2024 жыл – 976,3 млрд теңге, 2025 жыл – 909,4 млрд теңге). Оның ішінде былтыр «Самұрық-Қазына Констракшн»-ге тиісті көлемде қаржы аударылды (500 млрд. теңге), – дейді ол.

Бейсембаевтың сөзінше, оқу-ағарту министрлігі заманға сай, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекіткен. Былтыр қазанда министрлік ұлттық жобаға «Атамекен» ұлттық палатасының және салалық қауымдастықтардың ұсыныстары ескерілген отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шараларды енгізген. Оған сәйкес:

  • жайлы мектептерге қажетті жиһаз «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміне енген отандық өндірушілерден ғана сатып алынатын болады;
  • мектеп құрылысында оның ішінде сыртқы қасбеттерде жергілікті өндірушілердің өнімдері пайдаланылады, сондай-ақ тиімді шарттарға негізделген алдын-ала келісімшарт жасау тәсілі қолданылады.

– Былтыр «Самұрық-Қазына Констракшн» 208 мектепті жобалауды және салуды бастады, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері биыл 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жоспарлап отыр. Қазіргі ақпарат бойынша жаңа оқу жылы басталғанға дейін 98 объектіні, қалған 110 объектіні 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, – дейді ол.

Отандық кәсіпкерлер неге өкпелі?

Жобаны талқылау барысында үкімет басшысы Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповқа сұрақ қойды. Премьер-министр отандық кәсіпкерлер жобаға қатысуда шектеліп отырғанын, ашықтық аз екенін есіне салған. Жақыпов аздаған ақпаратпен өңірлердегі мектептерде құрылыс барысындағы отандық үлес жөнінде баяндама жасаған болды. 

– Тек Қазақстанда шығарылатын өнімдерді сатып алуымыз керек, – деп ескертті оған Бектенов.

Осы кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Райымбек Батталов сөз сұрап, Samruk-Kazyna Construction компаниясының ашықтығын талап етті.

– Сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етсек деген өтініш бар. Жиһаздарға дейін. Бұл жерде нені жасырамыз? Өндірушілер өңірлерде баршылық, - дейді Батталов.

Бектеновтің ескертуі

Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының елімізге керекті, өте маңызды жоба екенін бәріміз жақсы түсуініміз керек дейді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін еске салады.

– Ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар екенін атап өткен жөн. Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы ұлттық жобаны іске асыру барысын, әсіресе жер учаскелерін бөлу және жобалық құжаттаманы кешіктіру мәселелерін әділ сынға алды. Үкіметке барлық проблемаларды тез арада жоюды тапсырды. «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмай отыр. Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде әлі күнге дейін жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келеді. Өңір әкімдері тарапынан орын алып отырған формализм мен мәселені орталыққа ысыра салу әрекеті жобалау және құрылыс жұмыстарының кешігуіне әкеп соқтыруда. Сондықтан объектілер уақытында тапсырылмай қала ма деген қауіп те жоқ емес, – дейді Бектенов.

Үкімет басшысы құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажеттігі ескертілді. 

– Әрбір басшының тікелей есіне саламын – жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады. Әріптестер, мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін біз бар күшімізді жұмылдырып, тез қимылдауымыз керек. Осыған байланысты аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органдардан нақты іс-қимылдарды талап етемін, – деді Бектенов.

Біріншіден, «Самұрық-Қазына» қорына 1-ші қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырылды. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайтыны ескертілді. 15 мамырға дейін барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтау қажеттігі тапсырылды.

Екіншіден, өңір әкімдері 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешуге міндеттелді. Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын осы жылғы 1 тамызға дейін аяқтау қажеттігі ескертілді. Астана және Алматы әкімдері 15-ші желтоқсанға дейінгі мерзімде инвесторлардан сатып алынатын 9 мектепті пайдалануға беруді қамтамасыз ететін болды.

Үшіншіден оқу-ағарту министрлігі ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз етуге міндеттелді. Объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру қажет.

– Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады, – деп ескертті Бектенов.