Антикор атышулы «Айка тізімі» ісімен айналысып жатыр

Ulysmedia

Әлеуметтік желіде жарияланған атышулы «Айка тізімі» бойынша іс «Антикорға» берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia

Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 423-бабы «Сотқа дейінгі іс жүргізу деректерін жария ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оның пайда болу мән-жайлары, сенімділігі және таралуы, жүргізіліп жатқан тергеу аясында әлеуметтік желілердегі жеке деректерге қатысты ақпарат анықталуда, - делінген ІІМ хабарламасында.

Бұған байланысты Ішкі істер министрлігінің Ішкі қауіпсіздік басқармасы соңғы процессуалдық шешім қабылданғанға дейін қызметтік тергеуді уақытша тоқтатты.

«Айка тізімі» деген не

Еске салайық, желтоқсан айында Қазақстанда қатты жанжал шыққан болатын. Элиталық эскорт қыздар желісін ұйымдастырушы Айкаға қатысты деректер интернетке тарап кетті, бұл құжат кейін «Айка тізімі» деп аталды. Онда тізімдегі қыздардың клиенттерінің жеке деректері көрсетілген. Бұл ретте атышулы тізімде қазақтың белгілі тұлғаларының да есімдері кездесеі. Тізім қыздардың ауқатты адамдарға эскорт қызметін ұйымдастырғаны үшін ұсталған күдіктінің телефон кітапшасынан алынғаны хабарланды.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың атышулы «Айка» тізіміне байланысты сұраққа жауап берген болатын. 

Аталған факт бойынша қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс аяқталғаннан кейін ақпарат береміз, - деген сонда Ержан Саденов мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ Әділет министрі Азмат Есқараев та «Айка» тізіміне қатысты тілшілердің жезөкшелікті заңдастыру керек пе деген сұрағына жауап берген.

Жезөкшелікті заңдастыру туралы мәселе көтерілген жоқ. Құпия ақпараттардың таралуына келсек, БАҚ-та жарияланғандай ішкі істер министрлігі тиісті жобаларды қарастырып жатқанға ұқсайды, – деді министр.

Алматыда жезөкшелер үйін ұйымдастырды және заңсыз есірткі сақтады деп айыпталған қызға қатысты сот отырысы болған еді.