Қазақстанда 7 пайыздық ипотека 1 мамырда іске қосылады

Ulysmedia

Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Идустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында бағдарламаның барлық шарттары 1 мамырда жарияланатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia

Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Отбасы банкі» қазір 300 миллиард теңге тартуда. Бұл – бағдарламаның жалпы сомасы. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мөлшерлеме 7 пайыздан аспайды. 1 мамырда біз бағдарламаның барлық шарттарын толықтай хабарлаймыз. Бағдарлама 1 мамырдан басталады, - деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, жеңілдетілген автонесие алуға өтініштерді 18 секундта толтыру сияқты оқиға қайталанбайды. Министр «Отбасы банкі» ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқанын және ипотекалық несиелерді таратуда өзін жақсы көрсете білгенін атап өтті.

Алдымен 12 мың мұқтаж отбасы баспанамен қамтылады

Еске салсақ, Қазақстанда 7 пайыздық жаңа ипотекалық бағдарламаны бастауға дайындық жүріп жатқанын, ол биыл сәуір айының аяғында немесе мамырдың басында іске қосылатынын жазған едік.

Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық.