Жазушының әйелі: Президент ауруханасында ешкім қазақша сөйлемейді

Ulysmedia

Жазушы Әкім Таразидің зайыбы, өзі де жазушы-драматург Роза Мұқанова ҚР Президенті іс басқармасына қарасты ауруханадағы жағдайға жаға ұстап, ондағы көріністен көңілі қалып қайтты деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

Оған мемлекеттік емханадағы қазақ тілінің ахуалы себеп болып отыр.

«Таңертең поликлиникаға анализ тапсыруға бардым. 28 бен 50 жас аралығындағы кілең қазақ. Бәрі жоғары білімді. Өйткені бұл клиника Президенттің іс басқармасына қарайды. Демек бәрі мемлекеттік қызметкерлер. «Соңы кім?» - деп сұрадым, талон беретін аппарат істен шыққаны көрініп тұр. Бәрі одырая қарады. Шамасы мынау не айтып тұр десе керек.

«Соңы кім? Ауыздарыңа құм құйып алғанбысыңдар? Соңы қайсының?» Енді түсінді, білем.

-Я!-деді. Шамалаған болуы керек, кезек сұрағанымды. Сонымен ұзын-сонар кезекте тұрмыз. Сенесіз бе? Бірде-бір қазақ өз тілінде кезек сұрамады, тіпті сөйлемеді де.

Барлығы 100% орыс тілінде ғана қарым-қатынас жасап тұр. Бір адам, бір пенде өз ана тілінде тіл қатпады. Бұл не?.. Кінә кімде?.. Кінә қазақтың өзінде. Қазақ өзін сыйламайды. Қазақта намыс жоқ. Бүгін жылағым келді. Үйге әрең жеттім. Көңілім қалды», – деп ренішін білдірді ол.

Желідегі парақшасында шығармашылық тұлға әрі қарай қоғам өміріне байланысты рухани тебіренісін жалғастырып жазды.