«Іштерің білсін әлу-ай...»: Зайытов Дүйсенова бастаған Үкімет мүшелеріне ашулана шүйлікті

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов сауалдарына дұрыс жауап ала алмайтынын айтып, Үкімет мүшелеріне шүйлікті деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: ulysmedia.kz.

Зайытов кімдерді сынады

– Құрметті, Тамара Босымбекқызы! Сессия басында “сіз уәделердің бәріне бәріміз жауап береміз” дегенсіз. Арғы жағын “іштеріңіз білсін әлу-ай”. Нақты сайлаушылармен байланысқа келейік. Мен осы сессияда сіздерге он сауал жолдадым. Соның екеуін-ақ мысал етейін. ҰБТ былықтарының бәрін айтып келген кезде – сіздердің шығарған шешімдеріңіз: өмірі басы даудан арылмайтын Әбдіраслыовты әкеп қойдыңыздар. Рахмет! Айтыскер ақындар мен жыршы-темрешілер одағынан ғимарат туралы сұрақ қойып едім. Сіз жерден жеті қоян тапқандай “Алатау” дәстүрлі театрында ғимараты бар дедіңіз. Барып көріңіз, ол 20 шаршы ғана метр жер. Одаққа ғимарат деп айту ұят, – дейді Зайытов. 

Депутат Оқу-ағарту министрлігіне қарата Қазақстанның қаншама мектерінде ата-аналар мен мұғалімдерден неліктен ақша жиналып жатқанын сұрады. 

– Қай заңға негізделіп ақша жиналды? Сүйікті министрлігіміз – Мәдениет және ақпарат министрлігіне: бізде қанша АҚШ-тың биолабороториясы бар. Бар болса неге біз білмейміз? Жоқ болса, неліктен әлеуметтік желілерге осы ақпаратты тарататын адамдарға жүген салмайсыздар. Арыз бола тұра! Асхат Ниязовқа арыз жазғыш министрлік осыған шамасы келмей отыр ма? – деп сұрады депутат.

Зайытов сонымен қатар, Құрманғазы атындағы консерваторияның басындағы дау қашан шешілетінін сұрады. 

Тамара Дүйсенованың жауабы

Тамара Дүйсенова әуелі Ұлттық тестілеу орталығының басшысын бекіту жөнінде айтты.

– Әр мекемеде конкурстар жарияланады. Соның аясныда.. Егер ол азаматқа қатысты дау-дамайлар болса, ол конкурстан өтпес еді. Бұл мәселе жөнінде бір-екі рет маған сұрақ қойылды. Егер сол азаматқа қатысты дау-дамайлар болып, сотты болса немесе істері болса әрине, ол конкурстан өтпес еді. 

Ақындар үйі жөнінде: сіздің сүйікті министрлігіңіздің жауабын бердім. Ол бойынша Алматы қаласының әкімдігімен де жұмыс істеп жатырмыз. Бос орындар жөнінде сұрақтар бар. Сұрақпен мен әлі айналысамын, – деді ол.

Биолаборотория

Ақпарат және мәдениет вице-министрі Қанат Ысқақов биолаборотория бойынша мәліметті ақпараттық шабуыл ретінде тіркейтінін айтады.

– СІМ, уәкілетті органдар бірнеше рет жауап берді. Қазақстанда АҚШ-тың немесе басқа да мемлекеттің биозертхана жоқ. Тиісті ғылыми-зерттеу орталығы бар. Оны мемлекет толық қаржыландырады. Отандық мамандар ол жерде жұмыс істейді. Сондықтан, мұндай қауесетті, жалға ақпаратқа бірнеше рет жауап берді

Жауапқа тарту бойынша: әрине, біз мониторинг өткіземіз. Алайда мұндай ақпаратты аноноимді, бейресми, шетелдік арналар таратады. Нақты азаматтар бізде тіркелмеген. Қосымша мониторинг жасаймыз. Сізге жеке азаматтар анықталса, оны жауапқа тарту мәселесі бойынша толығымен жауап береміз, – дейді ол.

Құрманғазы атындағы консерватория мәселесін айтқан Қанат Ысқақов кадрлық саясат конкурс негізінде өткізілетінін айтты.

Мұғалімдерден ақша жиналып жатыр ма?

Зайытов көтерген тағы бір мәселе – мектептерден ақша жинау. Оқу-ағарту министрлігі Еділ Оспан ешқандай заңда немесе қаулыда мектептен ақша жинау қарастырылмағанын айтады.

– Әрбір фактілерді алдық. Тиісті заң органдарына жолдаймыз. Бізге осындай жайттар мәлім болған жағдайда біз бірден құзыретті органдарға жолдаймыз, – деді ол.

Қошанов не дейді?

Үкімет мүшелері сөйлеп болғаннан кейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда ешқандай биолаборотория жоқтығын, ол туралы құзіретті органдар, сыртқы істер министрлігі де бірнеше рет мәлімдеме таратқанын еске салды. “Қауесет сөз, өсекті тыңдай берудің қажеті жоқ деп ойлаймын” дейді ол Қошанов Зайытовқа қарата.