Ринат Зайтов ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов премьер-министр Олжас Бектеновтың атына ел аумағында феминита қауымдастығына шектеу қойып, ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Айтыскер ақын өзінің сауалын шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың, ащы дауысы деп түсінуді сұрады.

«Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр. 

Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы.

Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі» дейді депутат.

Заитов құқық қорғау органдарын аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарға насихат жүргізгенде, митинг өткізгенде, оларға қарсы петиция шыққанда да еш әрекет етпеді деп айыптады.

«Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады.

Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?!

Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының  маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?

Сонда қалай?! Әншейінде кез-келген мәселені май шаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде «тәртіпті қауқарсыз» бола қала ма?

«Малғұннан асқан мыстан жоқ,

Азғыннан асқан дұшпан жоқ», – екенін естеріңізге тағы салайын ендеше.

Құрметті Олжас Абайұлы! Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1 бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз!» деді ол депутаттық сауалында.

“ЛЕЗБИАН ҚҰРЫЛТАЙ”

Бүгін Алматыда "Феминита" қоғамдық ұйымы өткізіп жатқан "Лесбиан құрылтайда" шу шықты

НЕ ЖАҒДАЙ

“Феминита” феминистік ұйымы Алматыда “Лесбиан құрылтай” деген атпен жиын өткізіп жатқанда қоғамдық белсенді, Қазақстан ата-аналар одағының мүшесі Бағила Балтабаева жақтастарымен келіп іс-шараны тоқтатпақ болған. Осыған байланысты ұйым өкілдері полиция шақырған. Ұйым өкілдері полицияға экология тақырыбында дәріс өткізіп жатқанын жеткіздік десе, Бағила Балтабаева оларды ЛГБТ-ны насихаттады деп айыптаған. Бағила Балтабаева жиын қатысушылары плакатқа арандату сөздерін жазып қойғанын айтады. Ол плакатқа  “Шымкент – транс столица”, “Кіші жүз – транс жүз”, “Сносите всем шаңырақ” деген сөздер жазылғанын айтады. Ақырында полиция Балтабаеваны да, полицияны шақырушы белсенділерді де түсініктеме жазу үшін алып кетіп, кейін босатқан. Ұйым мүшелері Бағила Балтабаеваның үстінен арыз түсірген. Олар ешқандай заң бұзбадық, керісінше Балтабаева аяқ астынан сау етіп келіп, “құрылтайымыздың” шырқын бұзды дейді.

ЛЕСБИАН ҚҰРЫЛТАЙ

"Феминита" ұйымы бұған дейін Алматыда 7-10 қазан күндері "Лесбиан құрылтай" өткізетінін, алайда жалдаған жерлері әкімдіктің қысымынан кейін оларға бас тартып жатқанын мәлімдеген.

 

Ұйымның алдын ала таратқан ақпаратында "Лесбиан құрылтайға" лесбиан, бисексуал, куир және транс әйелдер қатысатыны айтылған.

Жиында экология, капитализм тәуекелдерін талдау, АЭС салуға бірлесе тосқауыл қою мәселесі талқыланады делінген.

“Сондай-ақ Феминита ұйымының 10 жылдығын атап өтіп, экология манифестін жазып, феминистік партия құруды жоспарлаймыз” деген.

"Феминита" өзін қоғамнан шетқақпай көретін әйелдердің құқықтық, әлеуметтік жағдайларына байланысты құқығын қорғаумен айналысатын ұйым ретінде сипаттайды.