Мәжіліс депутат Константин Авершин қазақ сарбаздары күніне бар болғаны 1602 теңгенің тамағын ішіп жүргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында Қарулы күштер мен өзге де әскери құрылымдардағы сарбаздарды азық-түлікпен қамту мәселесін қозғады.
Оның айтуынша, бұл жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысты тақырып.
1998 жылдан бері бұл қызмет аутсорсинг компаняларға берілген, яғни, мұндағы мақсат шығындарды оңтайландырып, тамақ сапасын жақсарту еді. Алайда, соңғы жылдары осы қызметтің құны нарықтың шынайы көрінісіне сай болудан қалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биыл мамыр айындағы әскерилердің азық-түлік пайкасының орташа құны – 3000 теңге болған. Бұл бекітілген сомадан, яғни, 2250 теңгеден 33 пайызға қымбат баға. Статистика органдары базарлар мен дүкендердегі азық-түлік бағасы туралы мәліметтерді жинайды. Бірақ, қаржы министрлігі үшін ол азық-түлік әскери бөлімге өз аяғымен жетіп, өзін-өзі пісіріп, столға өзі дайын тамақ болып тұра қалу керек сияқты. Сол сияқты, қаржы министрлігі әскери бөлімдердегі асханалар өзінен-өзі жұмыс істеп, өз ішін өзі тазалап, ал тамақ сақтайтын қоймалар өз-өзін дезинфекциялап, аспазшылар тамақты тегін пісіру керек сияқты, – дейді депутат.
Авершин сарбаздар күніне қанша теңгенің тамағын жеп жүр деген есепті өзі шығарып берді.
Салық, әлеуметтік төлем мен әлеуметтік шығынға байланысты жасалған анализ дәл осы шығын әлгі пайканың құнынан 647 теңгені «жеп отырғанын» көрсетті. Яғни, пайканың бағасы 2250 теңге болса, оның 647 теңгесі осы шығынға кетеді. Енді осыдан барып бір әскери дәл бүгін 2250 теңгенің емес, 1602 теңгенің (2250 – 647,80 = 1602,20) тамағын ішіп отыр деген қорытынды жасауға болады. Инфлция мен бағаның қымбаттағанын ескерсек, 2022 жылы бекіген осы қаржыландыру көлемі шығынның бәрін жауып отырған жоқ деп ойлаймын. Бұл әскерилердің ішіп отырған тамағының сапасына тікелей әсер етеді. Оның үстіне, Республикалық бюджет комиссиясы 2020 жылы қаржы министрлігіне осы мәселені қайта қарау керек деген тапсырма берген болатын. Бірақ, қаржы министрлігі оны орындаған жоқ, осылайша, елдің қорғаныс саласын қауіпке итеріп отыр, – дейді депутат.
Ол салыстырмалы түрде 2024 жылы Қазақстан спортшыларына бір күндік тамақ үшін қанша теңге бөлініп отырғанын айтты.
Салыстырмалы түрде алып қарасақ, спорт министрлігі бекіткен әдістемеге сай, 2024 жылы спортшылардың тамағына мұнша қаржы бөлінген:
1) бірінші пункт – бокс, еркін күрес, қоян-қолтық ұрыс сияқты спорт түрімен шұғылданатын спортшылардың тамағына тәулігіне 3 АЕК немесе 11076 теңге;
2) екінші пункт - бочча, мылтықтан оқ ату, спорт туризмі, стенд ату сияқты спорт түрлеріндегі спортшылардың тамағына күніне 2,3 АЕК немесе 8491,6 теңге;
3) үшінші пункт – балық аулау, тоғызқұмала, шахмат, дойбы сияқты спортта жүрген спортшылардың бір күндік тамағына 1,7 АЕК немесе 6276,4 теңге.
Ал әскерилердің бір күндік тамақ пайкасының құны айтып өткенімдей – 2250 теңге. Қосымша шығындарды алсақ, 1602 теңге. Яғни, сарбаздарымыз дойбы ойнайтын спортшылардан үш есе аз тамақ ішеді, – деді депутат өз сауалында.