«СҚ-Фармация» басшысының әйелі тағы бір luxury кеште төбе көрсетті

Ulysmedia

«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің әйелі Лаура Есқалиева Нұр-Сұлтандағы элиталық мейрамханалардың бірінде болған сауық кешіне қатысты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фотоколлаж Ulysmedia.kz

Белгілі болғандай, ол кеш «Zoloto» мейрамханасында өткен блогерлердің бірінің туған күнінде төбе көрсетті. Мейрамхананың аты айтып тұрғандай, кешен елорданың ең көрнекі аудандарының бірінде орналасқан.

Сауық кеші қалай өтіп жатқандығы танымал блогерлердің парақшаларында жарияланды. Видеожазбадан жиында санитарлық нормалар сақталмағанын көруге болады. 

Айта кетейік, ерлі-зайыпты Есқалиевтар мұндай көңілді кештерге бірінші рет қатысып отырған жоқ. Былтыр сәуір айында бүкіл ел карантинде жатқанда «СК-Фармация» басқарма төрағасы әйелі Ксения Собчакпен банкетте түскен суретін бөліскен болатын.

Фото ашық дереккөздерден алынған, суретте: солдан оңға қарай – Лаура Есқалиева, Ерхат Есқалиев, Ксения Собчак

Кейін Ерхат Есқалиев бұл сурет 7 жыл бұрын түсірілгенін жазды және жұбайы екеуі Instagram-дағы парақшаларын өшіріп тастады. Айтпақшы, «СК-Фармация» басшысының жалақысы өзінің айтуынша, 1 300 000 теңге, «қолға алатыны бір миллион теңгеге де жетпейді».

Былтыр шілде айында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловты қызметінен босатты. Соңғысы әйелінің «арқасында» әйгілі болды. Айбатыр Жұмағұловтың әйелі интернетте жолдасы сыйлаған 12-ші көлік туралы жариялаған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін оның орнына іскер әрі жылтыраққа қызықпайтын адамды қоюды тапсырды.

БІРЫҢҒАЙ ДИСТРИБЬЮТОРДЫҢ ЖҰМЫСЫНА СЫН

Қазақстандықтар «СК-Фармацияны» басшылықтың luxary өмір-салты үшін ғана емес, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмай жатқаны үшін де сынап жатады.

Мәселен, осы жылдың қазан айында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин «СК-Фармация» мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігін миллиардтаған теңгеге қатысты заң бұзушылықтар үшін айыптады. Оның айтуынша, министрлік кейбір ауру түрлеріне 65,9 млрд теңгеге артық дәрі-дәрмек алып қойса, 26 млрд теңгеге басқа қажетті дәрілерді сатып алмаған. Депутат «СҚ-Фармация» қоймаларында жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құны 159 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі барын айтты. Бұл препараттар 2019-2020 жылдары сатып алынған.

Экономист Жанат Нұрғалиев те inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында мемлекеттік компанияның жұмысын қатысты теріс пікір білдірді. Ол «СК-Фармация» дәрі-дәрмекке үнемі артық ақша төлейтінін айтып, бірнеше жағдайды мысалға келтірді. Мәселен, «Тиммал» көз тамшысының әр данасы 1 256,1 теңгеге сатып алынған, ал оның бөлшек саудадағы құны 390 теңге, яғни 4 есе арзан. Компания осы көз тамшысы үшін 7 миллион теңгеден артақ ақша жұмсаған.

Фото: liter.kz

«СҚ-ФАРМАЦИЯ» НЕМЕН АЙНАЛЫСУЫ КЕРЕК?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 мамырдағы №516 қаулысымен «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүз пайыз қатысу үлесін иемдену және пайдалану құқықтары ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. 

Бірыңғай дистрибьютор жүйесі тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде халықты дәрі-дәрмек заттарымен қамтамасыз ету және тең құқылы серіктестік жағдайында жеке және мемлекеттік секторлардың күш-жігерін біріктіру жолымен ҚР-да фармацевтикалық саланы дамытуға жәрдемдесу мақсатында құрылған.

Бірыңғай дистрибьютор қызметінің негізгі бағыттары:

Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрі-дәрмек заттарын сатып алу жөніндегі ашық сауда-саттық ұйымдастыру;

Тиісті дистрибьюторлық тәжірибелер және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес дәрі-дәрмек құралдарын, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтауды ұйымдастыру;

Мемлекеттік медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектердің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың логистикасы үдерістерін ұйымдастыру;

Бірыңғай дистрибьютор, тапсырыс беруші және жеткізуші логистикасы үдерістерін біріктіру үшін, айналым, тауарлық қалдықтар туралы өзекті ақпарат алу үшін ақпараттық жүйе құру.

Компания Қазақстан Республикасындағы фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылды.

«СК-Фармация» Қазақстандағы вакцинация төңірегіндегі жетістіктерді «иемденіп» алды. Көктемде қаржыгер Айдын Кәрібжанов бүкіл әлем вакцина жеткізіп жатқанда біздің дистрибьютор блогерлерден қоғамдық кеңес құрумен әуре болып жүргенін жазған болатын.

«Қыстың қамын жаз ойла. Ертерек вакцина сатып алу үшін күрес былтыр күзде,  әлемде оң сынақ нәтижелері туралы алғашқы алдын ала жаңалықтар пайда болған кезде басталды. Барлық әрекет іске қосылды: ақша, лоббистер, арнайы қызметтер. Тек Израиль ғана емес, мысалы Сейшель аралдары, Чили және Бутан да жетістікке жетті.  Экономикалық державалар емес, тек  дәл сол кезде неге басымдық беру керектігін жақсы білді. Ал «СК-Фармация» тап сол кезде халық сарапшылары, белсенділер мен блогерлерінің қоғамдық кеңесін құруға ынталы болды. Енді алдағы уақытта не істеу керектігі туралы қоғамдық кеңеспен ақылдасу керек, осылай ететін уақыт жетті», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі Цойдың не себепті қызметінен кеткенін мәлімдеді.

«Алексей Владимирович басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен қызметінен босатылды», - деп хабарлады министрлік.