Премьер-министр Олжас Бектенов мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға үздік стартаперлерді елге насихаттауды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮКІМЕТТЕ НЕ ҚАРАЛДЫ
Үкіметте бүгін отандық ІТ қызметтер мен өнімдердің жай-күйі талқыланған. Жиынға келген Higgsfield компаниясының директоры Ерзат Дулат Қазақстанның инженерлері жасанды интеллект саласында көшбасшы бола алатынын мәлімдеді. Оның өзі аталған компанияны құрып, 16 млн доллар инвестиция тартқан. Кремний шатқалынан бастап жұмыс істеген. “Мақсатымыз – жетекші орындарға ие болып, Қазақстанның орнын жаһандық деңгейде ілгерілету” дейді.
Біздің командада 22 АІ инженер бар. Олардың бәрі де Қазақстандағы жоғары оқу орындарының түлектері. Оның ішінде алтауы – фиика мен математикадан халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері. Әдетте, мұндай мықты мамандар шет елдерге кетіп қалады. Біз бірақ біршама жетістікке жеттік. Біздің нейрожелілер суперкопьютерлерде оқытылған. Тоғыз айда халықаралық деңгейде мойындалған екі өнімді жасап шығардық. Бұл жетістіктер бізді Гугл нұсқасы бойынша әлемнің ТОП-25 стартаптары қатарына енуге көместесті, – дейді Ерзат Дулат.
Олардың бірі – контентті жасауға арналған мобильді студия. Екіншісі – контентті генерациялауға арналған өнім, ол білім мен бизнеске жол ашатын жоба. Diffuse және Hera деп аталатын екі жоба халықаралық сұранысқа ие болған. Қазіргі таңда осы өнімдерді 2 миллионға жуық адам пайдаланады. Ал компания үздік 85 компанияның қатарына енгізілген.
ПРЕМЬЕРДІҢ НЕ ДЕДІ
Ерзат Дулат сөзін аяқтағаннан кейін Олжас Бектенов Аида Балаеваға бұрылып, “міне, бүгінгі күннің батырлары осылар, осындай жігіттерді күндіз-түні теледидардан, әлеуметтік желілерден көрсету керек” деп тапсырды.
Бұл қажетті білім алып, ең үздік технологияларды енгізіп жатқан қазақстандықтар. Гуглдың ТОП-25 стартаптарының қатарына енгенін көрдіңіздер ғой. Біз осымен айналысу керек. Біз сіздерді қолдаймыз, – деді Бектенов.
Отырыста Қазақстандағы басқа да үздік ІТ-өнімдер таныстырылған. Соның бірі – GTA секілді отандық ойын. Премьер оны ойнап көруге уәде берді.