Экономика ұлттық қорға аса тәуелді болып тұр – Тоқаев Бектеновтің жұмысына баға берді

Аян Өрібай

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновтің жұмысына баға берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia коллажы

ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Премьер-министрдің баяндамасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қысқаша былай деді:

Экономикаға біршама жағымсыз жайттар ықпал етті. Біраз біз ахуалды ушықтырмай, бақылауда ұстадық. Жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Өткен жылды толық көрсеткіштермен аяқтадық. Алайда жайбарақат отыруға болмайды. Шешімі табуы тиіс түйткілдер әлі де көп. Мұны сарапшылар да, азаматтар да жақсы біледі. Еліміздің экономикасын әртараптандыру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Экономикамыз ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Осы жөнінде атап өтуіміз керек. Ұлттық қор әлеуметтік экономиканың ажырамас бір бөлігі. бизнестің инвестициялық белсенділігі әлі де төмен. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай жою керек, – дейді ол.

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Баяндама жасаған премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда экономика өсімі 2024 жылы 4,8% деңгейді көрсеткен. Салалар ішінде ең көп өсім ауыл шаруашылығында (13%) тіркелген.

Бектеновтің сөзінше, ең жоғары өсімді Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы, Астана және Шымкент қаласында көрсеткен. Ең төменгі өсім Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысына тиесілі.

Мұнай өндірісі 2,4 млн тоннаға төмендеп, ЖІӨ өсіміне кері әсерін тигізген. Ірі кен орындарындағы күрделі жұмыстар мен ОПЕК+ келісіміне байланысты болған. 

КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫС

Үкімет ғимаратында президенттің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп жатыр. Отырыста 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Жиында премьер-министр мен ұлттық банк төрағасы, әкімдер баяндама жасайды. Журналистер өздеріне арналған екі залда тікелей эфирден отырысты көре алады. Үкімет кулуарынан министрлер мен әкімдерді көру мүмкін емес. Оларға сұрақ қою мүмкіндігі шектеліп отыр.

Кеңейтілген отырыс аяқталғаннан кейін вице-премьер Серік Жұманғарин, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен қаржы министрі Мәди Тәкиев баспасөз конференциясына шығады.