Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда келесі айдан бастап бензин бағасы қаншаға қымбаттайтынын айта алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ИНФЛЯЦИЯ ШЕГІНДЕ БОЛАДЫ”
Қазір бізде АИ-92 бензинінің шекті бағасы – 205 теңге. Бағаны “либерализациялау” шеңберінде егер шынайы нарықтық тетіктерге келер болсақ, Ресейдегі бағамен теңесуі керек. Ол жақта бензиннің литрі 295-300 теңге. Соған қарамастан, тәуекелдер барын ескере отырып, бұл бағаны ұстап тұруға барымызды саламыз. Ол үшін әкімшілік және нормативті шаралар қабылданады. Ұлттық экономика министрлігі белгілейтін инлфяция шегіне қарай белгілейміз. Қазір нақты қаншаға қымбаттайтынын айту қиын. Бірақ бұл байсалды өсім болатынына кепілдік береміз, – дейді энергетика министрі.
Сәтқалиев ақпан айынан бастап қымбаттайтын бензин бағасын қымбаттаудың нақты алгоритмі бекітілмегенін айтады.
Айына бір ме, аптасына бір ме – нарыққа қатысушылармен, сарапшылар ұйымымен, салалық бірлестіктермен келіссөзге байланысты. Сол талқыдан кейін тиісті бағаны көтерудің алгоритмі жасалады.
ЖҰМАНҒАРИН:
Серік Жұманғариннен бензин бағасы нақты қаншаға қымбаттайтыны сұралған.
Қазір айта алмайды. Қазір өйткені баға реттеу болмайды. Нарық қаншаға көтереді. Сол баға болады. Қазір біз саудаласып жатырмыз. Сол бағаның өсімінің көбінде біз бюджетті акцизбен алып кетуіміз керек. Бюджеттің ертең жақсы кірісі болады, – дейді Жұманғарин.
БЕНЗИННІҢ ҚЫМБАТТАУЫ
Бұған дейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ақпан айынан бастап бензин, дизель, сұйытылған газ бағасы өсетінін мәлімдеген еді.
Министрдің айтуынша, мұнай өнімдерінің бағасы бойынша президент жанындағы кеңес шешім қабылдап қойған. Жанар-жағармай ғана емес, сұйытылған мұнай газының бағасын да кезең-кезеңмен өсіру керек деген шешім бар. Сондай-ақ, тауарлық газ бойынша да бағаның өсуімен байланысты белгілі бір межелер бар. Сәтқалиевтің сөзінше, министр жанар-жағармай мен сұйытылған газдың бағасы ақпан айынан бастап өсіруді жоспарлап отыр. Тауарлық газдың бағасы биыл жазға қарай біртіндеп өседі дейді ол.