Конституцияға тағы да өзгерістер енгізілуі мүмкін бе – әділет министрінің жауабы

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісінің бұл сұрағына әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жауап берді.

Ulysmedia коллажы

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Ел құлағы елу дейді. Біздің ақпарат алаңында парламенттік республика боламыз деген әңгіме де кейде айтылып қалады. Сізге сұрақ: жалпы алда Конституцияға немесе сайлау туралы заңға, басқа да мәселе жөнінде өзгерістер енгізілуі мүмкін бе? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі әділет министрінен.

Ерлан Сәрсембаев бұл сұрақ тікелей өз құзіретіне кірмейтінін айтты.

Жалпы ондай халық жағынан немесе заманға сай талаптар қойылып жатса немесе сондай қажеттілік туындап жатса, біздің әділет министрлігі ондай ұсыныстарды қамтамасыз етуге мәжбүр болады. Біз ондай жұмысты атқарамыз. Қажеттілік бар ма, жоқ па, ондай сұраққа ол әділет министрлігінің құзіретіне кірмейді, – дейді ол.

КОНСТИТУЦИЯҒА НЕШЕ РЕТ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері екі Конституция қабылданған. Алғашқысы 1993 жылғы 28 қаңтарда, екіншісі 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған. 28 жылда еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары енгізілген. 

1998 жылы Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтерілді, 65 жасқа дейінгі шектеуді алынып тасталды. Сонымен қатар парламент депутаттарын партиялық тізіммен сайлау туралы және басқа да түзетулер енгізілді. 2007 жылғы мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдің мемлекеттік құрылымының нысанына қатысты түзетулер енгізілді. Қазақстан президенттік-парламенттік басқару нысаны бар біртұтас мемлекетке айналды. 2017 жылғы наурызда президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді. 2019 жылдың наурыз айында Конституцияға Қазақстан астанасының атын өзгерту бойынша түзетулер енгізілді. 2022 жылы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті.

2022 жылғы өзгерістерге сәйкес, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ деген ереже бекітілді. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алатыны айқындалып, өлім жазасына тыйым салынды. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылып, сенаттағы президенттік квота қысқарды. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік беріп, тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды. Президенттік лауазымды атқару мерзімі бір реттік деп (7 жылға) белгіленді.