Тоқаев: Ядролық қақтығыс қаупі соңғы онжылдықта ең жоғары деңгейге жетті

Динара Жарқынбек
overclockers.ru

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде сөйлеген сөзінде жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мемлекет басшысының айтуынша,  ядролық қақтығыс қаупі соңғы ондаған жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. 

– Қазіргі таңда бәсекелестікті бәсеңдету саясатының орнына әлемде қақтығыстар күшейіп, геосаяси жіктер тереңдеп, әлеуметтік шиеленіс артуда. Осындай күрделі жағдайда басты рөлді конструктивті дипломатия атқаруы тиіс. Ол диалог орнатудың, өзара жатсынуды еңсерудің және халықаралық аренада сенімді арттырудың негізгі құралы, – деді президент.

Президент дін лидерлеріне де үлкен үміт артатынын айтты. Оның сөзінше, олар саясаткерлерге парасаттылықты, ізгі ниетті және жауапкершілікті еске салып отыруы тиіс.

КОНТЕКСТ

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтпек. Ауқымды шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Діни жиынға әлемнің 60 елінен 100-ден астам адам қатысады. Олардың қатарында түрлі діннің лидерлері, халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері бар.