Ақшолақов жанар-жағармай тапшылығын қалай жоймақ

Ulysmedia

Қазақстанда жанар-жағармай материалдары тапшылығы мен бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай шаралар қолға алынатыны айтылды, деп жазады LS.

Фото: ашық дереккөзден

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, ірі тұтынушыларда мұнай өнімдерінің резервтерін құру жоспарлануда.

I тоқсанда "ҚазМұнайГаз" базасында 150 мың тонна көлемінде және "Қазақстан темір жолы" базасында 50 мың тонна көлемінде резервтер құрылмақ.

«Дизель отынына келетін болсақ, биыл жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекеттік материалдық резервтерді пайдалану мүмкін болмады, өйткені ол шектеулі, онда бар болғаны 15 мың тонна болды», деп хабарлады ведомстводан.

Бірақ мәселені шешу үшін Энергетика министрлігі МӨЗ-дегі жөндеу жұмыстарын үйлестіруді және диқандарға дизель жөнелтуді жоспарлап отыр.

«МӨЗ-де жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдерінің далалық жұмыстармен сәйкес келуі салдарынан туындайтын кедергілерді азайту мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мұқтаждықтары үшін дизель отынын жөнелту 2022 жылғы ақпаннан бастап, яғни бұрынғы мерзімдерден бір ай бұрын жүзеге асырылатын болады (жеткізу көлемі жылына 800-850 мың тоннаны құрайды.). Сондай-ақ, Шымкент МӨЗ жөндеу мерзімін 2022 жылдың қарашасына ауыстыру жоспарлануда (2023 жылға ауыстыру мүмкіндігімен).  Ал Павлодар зауытында жөндеу жұмыстары 2022 жылдың маусым айының соңынан шілденің ортасына дейін, яғни егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін жүргізілсін», – деді министр.

Бұдан бөлек, болашақта жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында министрлік мынадай шараларды әзірлеген: Шымкент МӨЗ-де қайта өңдеу қуаттарын кеңейту, МӨЗ-дің кеңейтілген жөндеу аралық кезеңіне көшу, мұнай базаларын есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандыру.

Сонымен қатар, мұнаймен қамтамасыз ету, ішкі нарықтағы бағалар, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл учаскелерінде құбыр жүйесін кеңейту мәселелері ашық күйінде қалып отыр.

«МӨЗ-дің кеңейтілген жөндеу аралық кезеңіне өту бойынша талдау жүргізілгенін айтқым келеді, аялдаулардың жиынтық уақыты жылына 100 күннен асады. Осыған байланысты жылына бір рет үш МӨЗ-дің біреуіне ғана күрделі жөндеу жүргізуді көздейтін бес жылдық кезеңге арналған жөндеу кестесі әзірленді, бұл өндіріс көлемін жылдар бойынша теңестіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ағымдағы жөндеу жұмыстары тек қажет болған жағдайда ғана жүргізіледі. 2023-2026 жылдарға арналған жөндеу мерзімдерін оңтайландыруға бағалау жүргізіледі», - деп түйіндеді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жанар-жағармайға акциздерді едәуір көтеру, ал тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, жарты жылдан бері АИ-80-нің 1 литрі –  89 теңге, АИ-92 – 182 теңге, АИ-93 – 182 теңге, АИ-95 – 215 теңге, ал дизель отынының 1 литрі 230-260 теңге тұрады.