Әсіре ұлтшыл және руссофобиялық көзқарастағы адамдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрып жатқан билеуші ортада тамыр жая алмайды. Бұл туралы ресейлік "Независимая газетаға" берген сұхбатында Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сұхбат барысымда басылым тілшісі Бородавкиннен Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы, сондай-ақ қазақ ұлтшылдығының өсуі туралы не ойлайтынын сұраған.
"Сіз атап өткен сұрақтар жаңалықтардың тақырыбында жиі ұшырасатынын мойындауымыз керек. Менің ойымша, бұл Ресей-Қазақстан қатынастарының шынайы көрінісін бұрмалайды", - деп жауап берді елші.
Сонымен бірге Бородавкин "Қазақстан қоғамында ұлтшылдықтың өсуі шын мәнінде байқалатынын", оның ішінде тілдік патрульдер сияқты экстремистік көріністері де кездесетінін айтты.
"Бірақ Қазақстан Президенті әкімшілігі басшыларының бірі сипаттағандай бұл "үңгірлік ұлтшылдықты" билік те, заң да қолдамайды. Президент Тоқаев құрып жатқан Қазақстан басшылығында әсіре ұлтшыл және русофобиялық көзқарастарды ұстанатын адамдар тамыр жая алмайды", - деп қосты Ресей дипломаты.
Оның мәліметінше, 2021 жылдың өзінде ғана Ресейге Қазақстаннан Мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасы бойынша 25 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр.
"Көшудің негізгі себептері – отбасын біріктіру және Ресейдегі әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларының қолайлылығы, атап айтқанда, жоғары жалақы төленетін жұмыс, жайлы орта, Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғаудың, зейнетақылар мен жәрдемақылардың жоғары деңгейі. Бірақ Қазақстанда "өз орындарын тапқан" орыстардан біз қандай да бір мақсатты қысым көрсету мен кемсітушілік туралы шағымдарды естімейміз", - деді Бородавкин.
Ол орыстар мен славяндар биліктің барлық құрылымдарының басшылығында: Парламентте, Үкіметте, облыс әкімшіліктерінде және басқа да мемлекеттік органдарда өкілдік еткенін атап өтті. Қоғамдық пікір көшбасшылары арасында, БАҚ-та да көптеген орыстар бар.
"Айта кетейін, өкінішке қарай Қазақстанда тұрмыстық ұлтшылдық өте кең таралған құбылыс. Бұл "аурудан" Қазақстан да, Ресей де зардап шегуде. Бір-бірімізге мегафондық айып тағу мәселені ушықтыра түседі, сондықтан мұнымен бірлесіп күресуіміз керек", - деді елші.
Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың барлығы дерлік орыс тілін білетінін, көпшілігі екпінсіз және грамматикалық қатесіз сөйлейтінін атап өтті. Орыс тілінің ресми тіл ретіндегі мәртебесі Қазақстан Конституциясында бекітілгенін де қоса кетті.
"Сонымен қатар, Қазақстанда орыс тілін меңгеру артықшылық ретінде қарастырылады. Мысалы, орысша білмейтін адамдар үшін кәсіби қызметке орналасу өте қиын. Қазақстанда орыс тілі өз позициясын сақтап, алдағы уақытта да сұранысқа ие болатынына сенімдімін, себебі қазақстандық жастар ресейлік жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады", - деді Бородавкин.
Оның мәліметінше, қазір Ресейде қазақстандық 60 мыңға жуық студент оқиды. Сондай-ақ Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарлануда.
"Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады", - деді Бородавкин.