Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымы не үшін қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Кейбір сарапшылар «Конституциялық реформа – билік транзитіне, Президент сайлауына дайындық» деген пікір айтып жүр. Жалпы, Вице-Президент лауазымы не үшін қажет? Осыған қатысты пікіріңізді білсек деп едік.
– Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді, – дейді президент.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫ
Бұған дейін Қазақстанда вице-президент лауазымын енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын. Болашақ бір палаталы парламент «Құрылтай» деп аталып, оның құрамында 145 депутат болады, ал өкілеттік мерзімі 5 жыл. Сонымен қатар Президент жаңа жоғары консультативтік орган Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды.