Үш жаңа орден: Қазақстанда кімдерге айырықша құрмет көрсетіледі

Ulysmedia
Фото: Ақорда

Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар енгізіледі. Сенат мақұлдаған заңға сәйкес, енді ғылым, мәдениет, қайырымдылық және мемлекетшілдік жолында еңбек еткен азаматтарға арнайы жаңа ордендер табысталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ ОРДЕН БЕРІЛЕДІ?

Сенат депутаттары мемлекеттік марапаттар туралы заңға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады. Жаңа ордендер Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырма аясында енгізіліп отыр.

Заң жобасына сәйкес, «Әл-Фараби» ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани салада айрықша жетістікке жеткен азаматтарға табысталады. Ал «Қожа Ахмет Ясауи» ордені мемлекетшілдікті нығайтуға, қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық бағыттардың дамуына үлес қосқан отандық әрі шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне беріледі.

Сонымен қатар «Мейірім» ордені қайырымдылықпен, меценаттық және филантропиялық қызметімен танылған азаматтарды марапаттауға арналған.

ҚҰЖАТТАҒЫ ӨЗГЕРІС

Құжатта тағы бір маңызды өзгеріс қарастырылған. Енді бір адамға бірдей құрметті атақты қайта беру тәжірибесіне жол берілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуде Әл-Фараби атындағы арнайы орден енгізу бастамасын көтерген болатын.

Жаңа мемлекеттік марапаттарды алғаш рет биыл Республика күні қарсаңында табыстау жоспарланып отыр.