Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Республика бойынша тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 3 700 үй бар. Биыл апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі қайта қаралады. Сонымен қатар қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында сүрілетін үйлердің тізімі жасалады. Жалпы 2029 жылға дейін 1 500 үйді бұзу және 40 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуді қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, елімізде тұрғын үйлердің су және жылу жүйелерінің тозу мәселесі өзекті болып тұр.
«Республика бойынша су, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көзі есебінен 3 мың шақырымға жуық су және жылу желісі қайта жөндеуден өтті. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53 пайыздан 51 пайызға дейін төмендеді. Аталған көрсеткішті 50% дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз», -деді М. Қарабаев.
Айта кетсек, жылыту маусымы басталғалы еліміздің түкпір-түкпірінде жылу құбырлары жарылып, тұрғындар қақаған аязда жылусыз отыруға мәжбүр болды. Мәселен, өткен аптада Талдықорғанда апат салдарынан 67 көпқабатты үй жылусыз қалды.
Қыс бойы апаттан көз ашпаған Екібастұзда да жылумен қамту мәселесі әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа тұрғындарының пәтерлерінде және әлеуметтік нысандарда температура режимін тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды жүктеді.