Елімізде егіс алқаптарында тыңайтқыштар жеткілікті мөлшерде қолданылмайды. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазіргі таңда тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26%-ын ғана құрап отыр. Көрші елдерде бұл көрсеткіш бізден бірнеше есе жоғары. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді. Сондықтан өндірісті ең алдымен отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл жиналған өнімнің жартысына жуық», – деді Үкімет басшысы министрлер кабинетінің отырысында.
Оның сөзінше, топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөп басуы өнімнің сапасын бүлдіріп, көлемін азайтуда. Осы ретте Смайылов фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізуді тапсырды.