Екібастұздағы ЖЭО Клебановтың есебінен жөнделе ме – үкімет неге күмілжіп отыр

Ғалиасқар Думан

Үкімет кулуарында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр  Екібастұз жылу электр орталығын жөндеу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Бұл мәселе әлі  күн тәртібінде тұр. Егер жылу электр орталығы акциясының 50% мемлекетке берілсе, онда біз жөндеу жұмысына мемлекетке тиесілі үлес бойынша қаражат құюға құқылымыз. Ал инвестор өз үлесіне қарай қаржы құяды. Басқа нұсқалар да қаралады, соңғы шешім әлі қабылданған жоқ», – деді Скляр.

Вице-премьердің сөзінше, наурыздың соңына дейін техникалық аудит жүреді. Аудит нәтижесінен кейін шешім қабылданады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Екібастұздықтар  екі күннің бірінде жылусыз отыруға мәжбүр.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Жуырда өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Өткен аптада өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

Айта кетсек, Екібастұздағы ЖЭО олигарх Клебановқа тиесілі.