Бүгінгі Үкімет отырысында республика мектептерінде оқу процесін цифрландыру проблемалары да сөз болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрліктің жоспары
Баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің сөзінше, барлық мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту үшін 4 жыл уақыт қажет. 525 мектепке 2024 жылы, 558 мектепке 2025, 1006 мектепке 2026 жылы, 1035 мектепке 2027 жылы талшықты-оптикалық желілер жеткізу жоспарланып отыр екен.
Алайда министрліктің бұл жоспары Үкімет басшысының көңілінен шыға қоймады.
«Бұл жұмысты жеделдету керек. 4 жыл емес, 2-3 жылдың ішінде бітіру керек», - деді Смайылов.
Ел мектептерінде интернеттің жылдамдығы қандай?
Вице-министрдің дерегінше, елімізде 664 мектепте ғана интернет жылдамдығы Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді.
«Бүгінгі таңда еліміздің 7 098 мемлекеттік мектебінің ішінде 7 078 мектеп интернет желісіне әртүрлі технологиялармен қосылған. Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс желілері, жерсеріктік технологиялар, радио-релелік желі, сондай-ақ ADSL технологиясы бар. 664 мектепте интернет жылдамдығы Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді. 6 414 мектепте Интернет жылдамдығын Халықаралық электорбайланыс одағының ұсынымдары деңгейіне жеткізу қажет», - деді ол.
Халықаралық электр байланысы одағы бір мектепке кемінде секундына 20 Мегабит жылдамдықты ұсынады екен. Бұл жағдайда жүктеп алу жылдамдығы кемінде секундына 20 Мегабит, ал жүктеу жылдамдығы секундына 5 Мегабит болуы тиіс. Ал оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін қосымша әрбір 20 оқушыға кемінде секундына 1 Мегабит жылдамдық ұсынылуы қажет.
«2 833 мектепте интернетке қол жеткізу жылдамдығын Халықаралық электр байланысы одағы ұсынымы деңгейіне дейін арттыру үшін техникалық мүмкіндік бар. Бұл үшін жыл сайын шамамен 10 млрд теңге керек. Қазіргі уақытта барлық мектептегі интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін төленетін қаражат көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға мектептерде интернет жылдамдығын арттыру үшін қажетті қаражат бөлуді қамтамасыз етуді тапсыруды мақсатқа сай деп есептейміз», - деді Асхат Оразбек.
Министрдің орынбасары 3,5 мыңнан астам мектепте интернет жылдамдығын арттыруға техникалық мүмкіндік жоқтығын айтты.
«6 414 мектептің 3 581-інде Интернет жылдамдығын арттыруға техникалық мүмкіндік жоқ. Сондықтан Интернеттің қажетті жылдамдығын жерсеріктік технологияларды қолдана отырып қамтамасыз ету қажет. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамының алдын ала есептеулеріне сәйкес, жыл сайын 418,2 млн теңге талап етіледі. Сәйкесінше, жерсеріктік технологияларды қолданып, 458 мектепті интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда», - деді вице-министр.
Асхат Оразбектің дерегінше, қалған 3 123 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүргізілмек.