Ақсайлықтар сусыз қалды

Айнель Аянова

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында тұрғындар сусыз отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, ақсайлықтарға су кестемен беріліп жатыр. Бұған кәріз жүйесінің еріген қар суына толып кетуі себеп.

«Қалаға су кешкі 18.30-дан 20.00-ге дейін және таңмен 07.00-ден 08.30-ға дейін берілетін болып шешілді. Қазіргі кезде тасқын су қатты келіп жатыр. Қалаға қарасты Қызылтал ауылында суға кеткен үйлер баршылық. Жағдай сәт сайын өзгеріп жатыр. Барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылған. Жағдай қалыпқа келсе, қалаға су үздіксіз берілетін болады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік, бұдан бұрын Оралда төтенше жағдай жарияланған. Себеп – еріген қар суының тас жолға, тротуарларға, жеке үйлер мен көпқабатты үйлердің ауласына жайылуы.