"Әскерде болуы керек еді": Тұрлыхановтың ұлына қатысты тың дерек шықты

Ғалиасқар Думан

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Алматыда заңгерлерге шабуыл жасаған кезде әскерде болуы керек еді. Бұл туралы жәбірленуші Анна Чернова мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

"Желідегілер болашақ депутаттың ұлы жүрген жерге қалай тап болғанымызды сұрап жатыр. Ол жерге біз емес, ол қайдан тап болды деп сұраған дұрыс. Өйткені ол әскери борышын өтеп жүрген азамат, Отарда қызмет етеді. Ал енді басты сұрақ – Алматыдан 200 шақырымға жуық қашықтықтағы әскери бөлімнен Нұрасылды кім алып келді және ол біз демалған жерде қайдан жүр?"- деп жазады адвокат желідегі парақшасында.

Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді.

Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бұрын Дәулет Тұрлыханов ұлының бұзақылық ісі жайлы пікір білдірген. Оның сөзінше, жәбірленушілер татуласуға ниет білдірген.

Алайда соққыға жығылған заңгерлер депутаттың сөзін жоққа шығарды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын жәбірленушілер істі тергеу барысында "Ескі Қазақстанның" белгілері байқалғанын айтты.