Қазақстанда коммуналдық қызметтер тарифтері қалай өзгереді

Ғалиасқар Думан

Қазақстанда электрмен, жылумен, сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің тозуын азайту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатына көшу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

m.yk-news.kz

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда тарифтерді өзгертудің барлық құқықтық негіздері қалыптастырылды. Бұл ретте, олардың өсімі өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңімен орын алатын болады. Сонымен қатар барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтердің әділ құнын қамтамасыз ету мақсатында тұтынудың әлеуметтік нормасын енгізу тетіктері әзірленетін болады.

Сондай-ақ, министрлер кабинетіндегі кеңейтілген кеңесте бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев сөз сөйледі. Оның сөзінше, бұл жұмыстың негізгі бағыты өнімсіз делдалдарды анықтау және болдырмау мақсатында өнім өндіруден сатуға дейінгі баға белгілеу тізбегін талдауға бағытталған. Мәселен, бүгінгі таңда 1 389 тізбек талданып, оның 332-сінде сауда қызметін бұзу қаупі анықталды. Нақты фактілер анықталса мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады. Атап айтқанда, жыл басынан бері 132 делдалдық схеманың жолы кесілді.

Сонымен қатар, электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректер операторларының мәліметтерін пайдалана отырып, ӘМАТ бағасының мониторингі процесін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде әрбір ӘМАТ бойынша баға белгілеу процесі ашық болады, бұл онлайн режимде өнімсіз делдалдар мен алыпсатарларды анықтауға мүмкіндік береді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков 2029 жылға қарай республикада 147 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 33 триллион теңгеден асатын 800-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын баяндады. Оның ішінде 22,1 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 122 жоба қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға бағытталған. Бұл – машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар.

Оның айтуынша, бүгінде еліміз бойынша орташа есеппен коммуналдық желілердің 51%-ның тозығы жеткен. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қажеттіліктерді ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылымды салу мен күрделі жөндеудің өңірлік жоспарларын әзірлейтін болады. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.