Көлгінов даулы тұрғын үй кешендерінің құрылысына өзі әкім болып тұрған тұста қалайша рұқсат берілгенін толық түсіндіре алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Таяуда Астанадағы G-park компаниясы салып жатқан Dublin тұрғын үй кешенін сүру жөнінде сот шешімі шыққан. Washington тұрғын үй кешені де рұқсатсыз салынғаны туралы ақпарат шыққан еді. Мұның артынша Астанада құрылыс техникалары «тіресіп», «трансформерлер күресі» әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын.
Бүгін үкімет кулуарында журналистер Алтай Көлгіновтен «сіз әкім болған кезде сол үйлер рұқсатсыз салынып жатқанын білген жоқсыз ба?» деп сұрады.
«Оның егжей-тегжейлі ақпаратын әкімдіктен білу керек. Білуімше, бұл – екі шаруашылықтың арасындағы дау. Басқарма мамандары инженерлік желілерге рұқсат берген кезде олар дұрыс қарамаған. Менде сондай ақпарат бар. Сондықтан, үй салына бастаған. Қазір әкімдік маған ақпарат берді. Шаруашылықтар бір-бірімен келісті», - дейді ол.
Алтай Көлгіновтың айтуына қарағанда, тұрғындардың ешбірі зардап шекпейді.
«Мақұлдаудың кешенді шаралары бар. Бұл – сәулет-жоспарлау, инженерлік желілердің техникалық шарттары. Алайда құрылысқа рұқсат қазір берілмейді. Ондай тәртіптің күші жойылған. Құрылыс компаниялары тек әкімдікке хабар береді», - деді ол.
Алтай Көлгінов бұдан кейінгі сұрақтарға «әкімдіктен нақтылау керек» деп жауап берді.