СҚО-да зейнеттегі тергеуші 45 млн теңге параға қатысы бар деген күдікке ілінді

Ғалиасқар Думан

Солтүстік Қазақстан облысында ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысты жасырды деген күдікпен экономикалық тергеу қызметінің бұрынғы қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

СҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, ведомствоның бұрынғы қызметкеріне Петропавл ауыр машина жасау зауытының лауазымды адамдарының 45 млн теңге көлемінде пара алғанын біле отырып, бұл фактіні азаматтық-құқықтық мәміле деп жасыруға тырысты деген айып тағылды.

«Адвокаттық қоғамдастықтан келіп түскен өтініштерге байланысты ведомствоның экс-қызметкері Д.Тампиев зейнетке шыққаннан кейін адвокаттық практикамен айналысатынын, астаналық адвокаттар алқасының мүшесі екенін растаймыз. Алайда, ұстау кезінде ол осы қылмыстық іс бойынша қорғаушы мәртебесіне ие болмады және әлеуметтік желілерде айтылғандай, процеске қатысушыларға адвокаттық қызмет көрсеткен жоқ», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Д. Тампиев және пара алды деп күдікке ілінген тағы 2 адам соттың санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Істің анық-қанығына жету үшін, сондай-ақ заңды және негізделген процессуалды шешім қабылдау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.

«Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сай өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабына сәйкес Д.Тампиев пен басқа да айыпталушылар қылмыс жасаудағы кінәсі анықталып, сот үкімі заңды күшіне енгенше кінәсіз болып саналатынын атап өткен жөн», - дейді баспасөз қызметіндегілер.