Қазақстанда азық-түлік бағасы неге шарықтап кетті? Қымбатшылықтың шегі бар ма? Бүгінде ел тұрғындарын алаңдатқан осы негізгі сұрақтар порталымызға сұхбат берген Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, елімізде қымбатшылық серпіні тоқтатылды.
– Наурыз айында инфляция деңгейі 0,4 пайыз болса, сәуір айында 0,2 пайыз болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда қазір инфляция деңгейі төмен. Оған біраз негіз бар. Қазақстан экономикасына әсер ететін біраз факторлар қазір өз жұмысын тоқтатты. Біріншіден, ол әрине коронавирус. Осыдан бірнеше күн бұрын Денсаулық сақтау ұйымы ковид эпидемиясы тоқтатылғанын жариялады. Екіншіден, ол әрине, логистика үзілісі. Бүкіл логистикалық тізбектер кезінде үзілді. Ол біріншіден, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыспен байланысты. Себебі Ресей шетелдік бизнес үшін қолайлы, адам саны көп, кең нарық. Кезінде сонда біраз шетелдік тұтынушыларға тауар шығаратын танымал компаниялар зауыттарын ашқан. Былтырдан бастап кете бастады. Біраз компания Ресей нарығынан кетті. Ал бізге тауардың көбі Ресейден келетін. Сол себепті тауарлық аштыққа тап болдық. Ол тек азық-түлік емес, басқа тауарларға да қатысты, – дейді министр.
Оның сөзінше, қазір ақырындап жағдай өзгеріп жатыр.
– Мәселен, ірі сауда желілерімен сөйлескенде олар «биыл қол қойған келісімшарттарда баға төмендеп жатыр» дейді. Азық-түлік емес тауарларды айтып отырмын. Тұтыну инфляциясының индексі бар. Оның ішінде азық-түлік тауарларының үлесі тек 41 пайыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің үлесі 11,7 пайыз. Инфляцияға қатты әсер етпейді. Қалғанының бәрі азық-түлік емес тауарлар. Сол себепті мысалы сәуір айының қорытындысын алсақ, инфляцияға әсер жасаған солар – «нон фуд» тауарлар. Электротехника, тұрмыстық химия, басқа елдерге жолдамалар бар оның ішінде, – дейді ведомство басшысы.
Алайда біз қарапайым халық қазір техника мен жолдама дегенді мүлде армандамайтынын алға тарттық. Қарашаны алаңдатқан басты мәселе – тамақтың қымбаттауы қашан тоқтайтынын сұрадық.
– Тамақтың қымбаттайтынының жылма-жыл кезеңі бар. Мысалы маусымаралық кезде көкөністер, жемістер өспейді. Қазақстанның табиғаты сондай. Сондықтан, наурыз, сәуір, мамыр, маусымның басын айтсақ, ол айларда көкөністер мен жемістерді шет елдерден әкелеміз. Өмір бойы солай. Шетелде баға қазір қымбаттап жатыр. Маусымаралық кезеңде қайда кетсек те баға өседі. Біздің міндетіміз – оның серпінін төмендету. Сол бағытта қазір біраз іс-әрекеттерімізді аударып жатырмыз. Былтыр қазан айында, қарашада бүкіл жергілікті органдардан 100 млрд теңге жинап алып, қорларға жинақтап, 140 мың тонна тауар сатып алдық. Ішінде картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз бар. Соны осы жылдың ақпанынан бастап сатуды бастадық. Әлбетте, мұның өзі бірден әсер еткен жоқ. Себебі жаңа инфляцияның өз инерциясы бар. Бірақ наурыз айында тоқтаттық. Ақпанда инфляция 22 пайыз болса, наурызда 18 пайыз, қазір 16,8 пайыз болса, мамыр айында 15,7 пайызға шығуымыз керек. Кестеміз бар. Соны сақтасақ, жыл аяғына дейін 10 пайызға дейін инфляцияны төмендетуге болады, – деп сендірді Жұманғарин.
Айта кетейік, 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев елімізде инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтып, үкімет мүшелерінің бағаны ұстап тұруға бағытталған қадамдарынан еш нәтиже жоғын мәлімдеді.