«Футбол ойнап жүрсіңдер»: Нығматулин Атамқұловқа неге шүйлікті

Аян Өрібай

«Даму институттары шығыны көп шағын министрліктерге айналып кетті». Дәл осы сөз бүгін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің аузымен инвестиция және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұловқа қарата айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Коллаж: ulysmedia.kz

ДАМУ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА

Мәжіліс отырысында бүгін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңы жобасы қаралған болатын. Бұл құжат бойынша сөз сөйлеген министр Бейбіт Атамқұловқа депутат Самат Ақышев cұрақ қойды.

«Бізде 7 даму институты бар. Олар: Бәйтерек холдингі, Қазақстан даму банкі, Qazindustry, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, Қазақ-инвест, Қазақ-экспорт, ҚазТрейд. Бұл институттардың міндеті – мемлекеттік қолдау шараларын көрсету. Алайда мемлекеттік қолдауды алғысы келетін бизнес олардың ара-жігін ажырата алмайды. Құжаттар процедурасынан қиналады. Сол себепті депутаттар бұл даму институтарын таратып, олардың құзыреттерін Өнеркәсіпті дамыту қорына беруді ұсынған. Алайда депутаттардың бұл бастамасы қолдау тапқан жоқ. Неліктен кешенді түрде мемлекеттік қолдау көрсететін бір ғана институтқа осының бәрін біріктірмеске?» - деді ол.

Бұл сұраққа жауап берген Бейбіт Атамқұлов шынында да даму институттары барын, олардың әрбірінің қызметі мен функционалы барын атап көрсетпек болған. Алайда оның сөзін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бөлді.

«Бізге кімнің немен айналысатынын айтудың қажеті жоқ. Сұрақ басқада. Сіз министрсіз позицияңыз қандай?», - деді ол.

Бұл сұраққа жауап берген Атамқұлов сұрақ дұрыс қойылып отырғанын жеткізді.

«Иә, мен қолдаймын. Бізде даму институттарының жартысы операциялық қызметтерді атқарса, жартысы талдау жұмыстарын жүргізеді. Ал бизнесті қолдау шараларын қарастырып, бір институтқа біріктіруге болады», - дейді ол.

«ФУТБОЛ ОЙНАП ЖҮРСІҢДЕР»

Сұрақтың жауабына қанағаттанбаған Нұрлан Нығматулин 4 министрлікке қарайтын 7 даму институтының жұмысына қанағаттанбайтынын мәлім етті.

«Дәл осыдан бастап сіз қойылып отырған сұраққа жауап бере алмай отырсыз. БАҚ-та да, блогерлерге де түсіндірмейсіздер. Футбол ойнап жүрсіздер. 7 даму институты... 4 министрлік... Ешкім жауап бермейді. Мен бұл мәселенің жұмыс отырысында қалай талқыланғанын білемін. Сіздің орынбасарыңыз олардың жауапсыздығын «тарихи тұрғыда солай қалыптасқан» дейді. Бұл жауап па? Өмір өзгеріп барады. Өнеркәсіп те өзгеруде. Бұл құрылымдар бүгін шағын министрлікке айналып кетті. Өз штаты мен қаражаты бар. Оларды ұстап тұру мемлекетке арзанға түсіп отырған жоқ. Келешекте олар өз-өзін сақтай ала ма деген үлкен сұрақ бар. Менің білетінім, сіздер түбі олардың бәрін оңтайландырып тынасыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.