Қазақ-өзбек шекарасында көліктердің қаңтарылуы: мәселе қалай шешіледі

Ғалиасқар Думан

Мемлекеттік кірістер комитеті өткізу пунктеріндегі өткізу қабілетін арттыру және қазақ-өзбек шекарасында жүктер мен көлік құралдарының тасымалдау процесстерін оңтайландыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: дереккөзден

Өткізу пунктеріндегі өткізу қабілетін арттыру мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы көршілес мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органдарымен жедел жиын өткізді.

“Мәселесі күрделі аймақтар тізбесі түзілді, сондай-ақ Тараптармен шекарадағы кептелістер бойынша проблемалы аспектілері жедел шешу бойынша тиісті кешенді іс-шаралар қабылдады. Атап айтқанда, көліктер ағымын қайта бөлу жүзеге асырылды (олардың айтарлықтай көлемі реконструкцияланған «Б. Қонысбаев» өткізу пунктіне жолданды), өткізу пунктері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, шекара арқылы автокөліктердің өтуі бойынша бақылау операцияларын жылдам жасау үшін кеден бекеттерінің штаты қайта жасақталды. Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы жүктерді шығару үшін тәулік бойы жұмыс режиміне көшті”, – делінген хабарламада.

Жұмыс тобы жақын күндері барлық өткізу пунктерінің жұмыс барысын екі тараптан да бақылайтын болады.

Үкімет тапсырмасын орындау шеңберінде, Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктерінің өткізу қабілетін және тауар айналымын арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Комитет мамыр айынан бастап Қазақстанға Өзбекстаннан жеміс-жидек өнімдерін әкелу дәстүрлі түрде ұлғайғанын еске салды. Бүгінгі таңда, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 3 кеден бекетімен тәулігіне орта есеппен 900-1000 жүк көлік құралы өткізіледі («Б. Қонысбаев» - 500, «Қазығұрт»-200, «Атамекен»-200, «Қапланбек» (ҚР) және Өзбекстанның жапсарлас кеден бекет іқұрылыс кезеңіне толығымен жабылған).