Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланады

Ғалиасқар Думан

 Абай облысындағы орман өртіне байланысты бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЖД

Үкімет отырысында аймақ басшысы өрт сөндіру жұмыстары жайлы мәлімет берді.

«25 мамырдағы жағдай бойынша орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жедел штаб құрылды. Жағдай ерекше бақылауда. От ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орман алқабындағы өртті сөндіруге желдің екпіні су-батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалуын қиындатуда. Жалын шарпыған аумақтың ауданы 3,5 мың гектар болды. Орман өртін сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, бір өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылды. Бүгін Бородулиха ауданы бойынша төтенше жағдай режимі жарияланады», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Әкімнің сөзіне қарағанда, елді мекендерге қауіп жоқ.

«Дегенмен, сақтық үшін 277 адам өздігінен туыстарының үйлеріне эвакуацияланды. Тонау фактілерінің алдын талу үшін эвакуциялау орындарында 20 полиция қызметкері кезекшілік етуде», - деді облыс әкімі.

Еске салайық, төтеншеліктер бірнеше күннен бері Абай облысындағы орман өртімен арпалысып жатыр. 22 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, жалын «Семей орманы» табиғи резерваты аумағына тараған болатын. Бүгінде өрт 3500 гектардан астам жерді шарпыды.