Тоқаев Қазақстанның Еуропамен алыс-берісін арттыру жолын айтты

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей транзиттік тасымалдарды арттыруға оң ықпал ететін факторларды атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Орталық Азия «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 80 пайыздан астамы үшін өзіндік көпір саналады. Бұл ретте қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие болды. Бұл бағыт өңірлеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін едәуір арттыра алады», – деді президент.

Мемлекет басшысы жуырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында қытайлық серіктестермен бірге Сиань қаласында логистикалық терминалдың іргетасын қалағанын атап өтті.

«Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ. Сондай-ақ біз Транскаспий бағытын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыруға уағдаластық. Былтыр осы күре жол арқылы шамамен 1,7 миллион тонна жүк тасымалданғанын атап өткім келеді. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының кездесуіне қатысу үшін президент Шолпан-Атаға ұшып барды.