Қазақстан кәсіпорындарында қанша шетелдік басшылық қызмет атқарады

Ғалиасқар Думан

Жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 286 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 537 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 713 рұқсат (екінші санат).

Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 6 458 және 803 адам.

Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 826 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 950 адам тартылды.

“Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 777 жұмыс беруші бар. Онда 421,8 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы”, – делінген хабарламада.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5386 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1835 адам (10%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 401 адам (10%), өңдеу өнеркәсібі – 1007 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 978 адам (7% ).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 412 адам (24%), Өзбекстан – 1 884 адам (13%), Үндістан – 1 484 адам (11%), Түркия – 1 397 адам (10%).

Айта кетейік, бұдан бұрын Қонаевта африкалықтар құрылыс жұмыстарына заңсыз тартылған еді.