Павлодар қаласы сотының үкімімен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққар қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті мәлім етті.
Ол филиалдың автошаруашылығы аумағында автомобиль боксының шатырын жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін мердігер ұйым өкілінен 2 млн теңге сомасында пара алған.
“Сотталған адамға мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, "Қазпошта" филиалы басшысының орынбасары ұсталғаны биылғы жылдың қаңтарында хабарланған.