Бүгін Орталық коммуникациялар алаңына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев келіп, президенттік жастар кадр резервін биыл қалай жасақталатынын айтып берді. Оның сөзінше, бұрынғыдай резервке жүздеп емес, тек 50 үміткер қабылданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Резервке енгендер орнын тапты ма?
Агенттік басшысы таратқан мәліметке қарағанда, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни жалпы санның 75% жұмысқа орналастырылған. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқарып жатыр. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс және 2 резервші мәслихат депутаты атанған.
Алты саланың мамандары керек
Агенттік төрағасының айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болады. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олар:
Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілмек.
«Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, Қазақстанның мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген азаматы қатыса алады», - дейді Дархан Жазықбаев.
50 кандидат қабылданады
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс
Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушыларғаүміткердің кім екендігі беймәлім болады.
Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. МҚІА басшысы атап өткендей, тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.
Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
«Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды», – деді Дархан Жазықбаев.
Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.
Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.
Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.
Алтыншы кезең, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.
Қатысушылар жайлы ақпарат ашық болады
Талаптарға сәйкес резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, Агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.